Қазақстанның Армениядағы Елшісі Арарат облысы басшысының орынбасары А.Мурадянді Елбасы Жолдауының негізгі ережелерімен таныстырды

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
5 сәуірде Қазақстанның Армениядағы Елшісі Айымдос Бозжігітов Арменияның Арарат облысының вице-губернаторы Ашот Мурадянмен кездесіп, екі ел өңірлері арасында сауда-экономикалық байланыстарды орнатудың мүмкін жолдарын, сондай-ақ өңірлік ынтымақтастықты дамытудың мәселелерін талқылады.
Арарат облысы басшысының орынбасары Қазақстан-Армян қатынастарының достық сипатын атай отырып, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың басшылығында Қазақстанның осы жылдары әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуында қол жеткізген жетістіктерін жоғары бағалады.
Осы орайда Қазақстан Елшісі А.Бозжігітов Елбасының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауының негізгі ережелерімен армян тарапын таныстыра отырып: «Құжатта белгіленген міндет-мақсаттарды жүзеге асыру қазақстандықтардың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатының әрі қарай сапалы өсуіне серпін береді»,- деп ерекше атап өтті.
Сол күні Арарат облысының әкімшілігі басшылығының қатысуымен ҚР-дың Армениядағы Елшілігі «Еуропалық интеграция» үкіметтік емес ұйымымен бірлесе ұйымдастырған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне арналған «дөңгелек үстел» өтті.
Іс-шараның негізгі мазмұны - ҚР Президенті Н.Назарбаев Жолдауының негізгі ережелерін, ҚР Үдемелі индустриалық-инновациялық даму бойынша мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуының аралық нәтижелері мен болашағын, сондай-ақ өзара қызығушылық танытатын индустриалық-инновациялық жобаларға армян тарапының қатысу мүмкіндігін талқылау болып табылды.
Боған қоса, Қазақстан Елшісі «дөңгелек үстелге» қатысушыларды тәуелсіздік жылдары ішінде мемлекет басшылығының саралы және сарабдал саясаты нәтижесінде елімізде қалыптасқан ұлтаралық және дінаралық келісімнің нәтижелі моделі туралы хабардар етті.
Іс-шараға өңірлік және республикалық деңгейдегі қоғамдық-саяси топтардың өкілдері, сарапшылар мен БАҚ журналистері қатысты.
«Дөңгелек үстелдің» нәтижелері елдің жергілікті телеарналарында кеңінен жарық көрді.