Қазақстанның бастамасымен Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балықтарды аулауға мораторий енгізілмек
Конференция тауарлық балық өсіруді субсидиялау мен Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балықтарды аулауға мораторий енгізу мәселелеріне қатысты сұрақтар төңірегінде өрбіді.
Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау ретінде жеке және заңды тұлғаларға ағымдағы жылдан бастап балық өсіруге жұмсалған қаражат бөлігі қайтарылмақ. Экономикалық ынталандырудың бұл түрі тауарлық балық өсіру шаруашылықтарына субсидия тағайындау негізінде жүзеге аспақ. Осы орайда, ҚР АШМ «Агроөнеркәсіптік кешеннің және ауылдық аймақтардың дамуын мемлекеттік реттеу туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу шараларын жүзеге асырды.
Субсидиялауды жүзеге асыру үшін арнайы жаңа механизм енгізілмек. Бұл механизм «Облыстық тауарлы балық шаруашылығының өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялауға 2011 жылғы республикалық бюджеттен берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану қағидасы» негізінде реттелетін пилоттық жоба ретінде жүзеге аспақ.
«Биылғы жылы субсидиялау жобасы аясында бюджеттен бөлінген 160 млн. теңге облыс шаруашылықтарына үлестірілмек», - деді Г. Сәрсенғалиев.
«Мемлекет бағалы балықтардың аналығы мен аталығын өсіретін шаруашылықтардың балық өндірісіне кеткен шығындарын толықтай өтемекші. Ал қарапайым балық түрлерін өсірумен айналысатын балық шаруашылықтарының балық шабақтары мен құрама жем сатып алуға жұмсалған қаражат көлемінің 50%-ын қайтару көзделген», - деп мәлімдеді Г. Сәрсенғалиев.
Балық шаруашылығының нәтижелі дамуына қолдау жасау бастамасы аясында салықтарды жеңілдету, лизинг мәселесін жолға қою мен балық шаруашылығы саласына шет елдік инвестиция тарту шаралары да қарастырылған. Алға қойылған осындай міндеттердің орындалуы отандық балық өнімдерінің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өндіріс көлемін ұлғайтып, бірқатар әлеуметтік мәселелердің де шешілуіне септігін тигізбек.
Г.Сәрсенғалиевтың сөзіне сүйенсек, тауарлық балық өндірісінің көлемі 2009 жылы 300 тонна, 2010 жылы 350 тонна болса, 2015 жылға қарай бұл көрсеткішті 6500 тоннаға дейін арттыру көзделген.
Баспасөз конференциясы барысында көтерілген екінші өзекті мәселе Қазақстан, Ресей, Иран, Әзірбайжан, Түрікменстан сынды Каспий маңы мемлекеттерінің алаңдаушылығын туғызып отырған бекіре тұқымдас балықтардың азайып бара жатқан санын қалпына келтіру мен қорғау ісін жолға қою болды.
2010 жылдың 18 қарашасында Баку қаласында өткен үшінші Каспий маңы мемлекетері басшыларының Саммитінде мораторийдің енгізілуіне Қазақстан бастама көтерген болатын. Қазіргі таңда коммерциялық мақсатта Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балықтарын аулауға мораторий енгізудің бес жақты келісімінің жобасы әзірленді.