Қазақстанның батыс өңірінен шыққан генералдар аз емес -Х.Расқалиев, генерал-майор, БҚО

1788-1790 жылдары орыс-швед соғысына қатысып, осы шайқастардағы ерлігі үшін секунд-майор шеніне Кіші жүз қазағы Серғазы Қайыпханов ие болған. ХІХ ғасырдың ортасында генерал шенін алған қазақтардың барлығы да батыс өлкеден шыққан. Ең алғаш бұл атақты 1840 жылдың 1 желтоқсанында Әбілқайыр ханның шөбересі Жәңгір хан Бөкеев иеленген. Генералдың оқалы шенін Баймағамбет Айшуақов та тағыпты. Ол да әйгілі Әбілқайыр ханның немересі еді. 1878 жылы генерал-майор, 1888 жылы генерал-лейтенант атағын алған Жәңгір ханның баласы Ғұбайдолла Жәңгіров те 1894 жылы Ресейдің атты әскери кавалерия генералы атағын алған жалғыз қазақ болды. Қаратөбе ауданында дүниеге келіп, 1918-19 жылдары Жымпитыдағы Алашорда үкіметінің әскери комиссары болған Сабыр Сарығожин де генерал-майор шенін иеленген. Қуғындалған ол 1919 жылдың соңында Қара теңіз арқылы Англияға өтіп кетіп, 1925 жылы Ұлыбританияның астанасында қайтыс болған. Орал қаласында тұратын генерал-майор Хайретдин Расқалиев Батыс Қазақстан облысынан кейінгі кезде шыққан генералдарды айтып берді.
Оның айтуынша, кезінде батыр Бауыржан Момышұлына полковник шенінен артық дәреже берілмей келсе, бүгінде тәуелсіз Қазақстанның генералдары жетерлік. Тәуелсіздік алғаннан кейін шетелдердегі жоғары шенді қаракөздеріміз елге оралып, Қазақстанның әскерін өркендетті. Сондай генерал-майорлардың бірі Сәбит Тауланов Жәнібек ауданында дүниеге келген. Ол 1962 жылы Жәнібектен сегізжылдық мектепті тәмамдап, Орал ауыл шаруашылығы техникумында білім алады. 1969 жылы Ташкент жоғары жалпы әскери командалық училищесін, 1977 жылы жоғары офицерлер курсын, 1978 жылы Термез педагогикалық институтын, 1985 жылы Мәскеудегі әскери-саяси академияны бітірген. Әскери салаға көп еңбек сіңірген қайраткердің педагогикада да өзіндік қолтаңбасы бар, тарих ғылымдарының кандидаты. 1966-82 жылдар аралығында Түркістан және Ленинград әскери округтерінде қызмет етеді. 1979-82 жылдары Ауғанстан аумағындағы соғысқа қатысады. 1985-88 жылдары Ленинград әскери округі штабы саяси бөлімінің бастығы, ал 1988-91 жылдары Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесінде әскери-саяси бөлім бастығы болды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ҚР Қорғаныс министрінің көмекшісі, ҚР Қорғаныс министрлігінде кадрлар және әскери білім департаментінің бастығы қызметтерін атқарды. 1999 жылы демалысқа шықса да, әскери салаға еңбек етуін тоқтатқан жоқ. Қазір әскери үлгіде дәріс беретін «Арыстан» арнайы мамандандырылған лицейінің директоры.
Енді бір генерал-майор Уәли Еламанов - Ақжайық ауданының перзенті. Рязань жоғары әуе десанты командалық училищесін бітіргеннен кейін, 1974-82 жылдары әуе десанты бөлімдерінде взвод командирі, рота командирінің орынбасары, рота командирі, батальон командирінің орынбасары болды. 1982-85 жылдары Мәскеудегі Әскери академияда оқыды. 1985-96 жылдары полк командирінің орынбасары, дивизия штабы бастығының орынбасары, айрықша гвардиялық әуе десанты бригадасының командирі, 1996-99 жылдары мотоатқыштар әскерлері оқу-жаттығу орталығының бастығы, армиялық корпустың командирі қызметтерін атқарды. 2001 жылы Мәскеудегі РФ Бас штабы академиясын бітірді. Кейін ҚР Қарулы Күштерінің Жалпы мақсаттағы күштер бас штабының бастығы қызметінде болды. Германиядағы әскерлер тобында, Мозамбик, Беларусь әскери округінде қызмет еткен Уәли Бисақанұлы қазір ҚР Қарулы күштер мобильді күштерінің қолбасшысы. Сонымен қатар ол Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедра басшылығын да қатар алып келеді.
Генерал-майор Нұрлан Жоламанов Ресейдің Орынбор облысында дүниеге келсе де, ата-бабасының атамекенін ұмытпай, өзін батыстың қазағымын деп санайды. Өйткені туыстарының көбі Батыс Қазақстан облысында тұрады, - дейді Хайретдин Шайхыұлы. Нұрлан Айтманұлы қазақ елінің астанасы болған Орынборда жоғары әскери училищені, кейін Әуе қорғанысы әскери академиясын бітірген. 1978-86 ж.ж.
Орта Азия әскери округінде зениттік взвод командирі, батарея командирінің орынбасары, батарея командирі, Кеңес армиясының Оңтүстік әскерлері тобында батарея командирі қызметтерін атқарды. 1989 - 1993 жылдары Кеңес армиясының Батыс әскерлері тобында жеке зениттік ракета полкінің штаб бастығы, 1993-1998 жылдары ҚР Қарулы Күштерінде зениттік зымыран бригадасы командирі, ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы әскерлері басқармасының бастығы, кейін ҚР Қарулы Күштері Жоғары шекара командалық училищесінің бастығы, Бас штаб бастығының орынбасары, Шығыс әскери округі әскерлерінің қолбасшысы, ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы, ҚР Қорғаныс министрлігі Штабтар бастықтары комитеті төрағасының орынбасары болған Нұрлан Айтманұлы ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, мүлтіксіз қызметі үшін он шақты медальмен марапатталған. «Жоғарыда сөз еткен Уәли Бисақанұлы екеуі Ресей Қарулы Күштері Бас штабы әскери академиясын алтын медальмен бітірді. 2009 жылы мемлекет басшысының өкімімен ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалған Нұрлан Айтманұлы тәуелсіз еліміздің әскерін дамытуға барын салуда», - деді генерал-майор Хайретдин Расқалиев.
Генерал-майор Қажығали Мұқатов та батысқазақстандық. «Атажұртымыз Теректі ауданының Шағатай ауылы болған. Аталарымыз 1927-28 жылдары жер аударылған екен, мен Самара облысында дүниеге келдім», дейді өзі. 1979 жылы орта мектепті бітіріп, Вольск қаласындағы жоғары әскери тыл училищесіне оқуға түседі. Аталған оқу орнын аяқтаған соң Арал қаласындағы режимдік әскери бөлімге қызмет етуге жолдама алады. 1983-92 жылдар аралығында әскери бөлім, әскери бірлестігі бастығы лауазымдарын атқарады. ҚР Қарулы күштері құрылған соң ҚР Қорғаныс министрлігінің Тыл департаментінде бөлім бастығы лауазымына тағайындалады. 1994-97 жылдар аралығында Санкт-Петербург қаласындағы Тыл және транспорт әскери академиясында оқып, үздік аяқтайды. Әскери академиядан соң бірнеше жылдар бойы дивизия командирінің, армия корпусы, әскери округ және ҚР ҚК Әуе қорғаныс күштері қолбасшыларының тыл жөніндегі орынбасары лауазымдарында қызмет етеді. 2002-2008 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Тыл бастығы лауазымын атқарды. 2003 жылы оған генерал-майор атағы берілді. Отан алдындағы адал еңбегі үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Жауынгер ерлігі үшін» және басқалай медальдармен марапатталған. Бүгінде Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының тыл істері жөніндегі орынбасары.
Бүгінде ҚР Қорғаныс министрлігі штабтар бастықтары комитеті төрағасының бірінші орынбасары, генерал-майор Оқас Сапаров Жаңақала ауданының Мәстексай ауылында өмірге келген.
Ал Хайретдин Расқалиевтің өзі Ресейдің Волгоград облысында дүние есігін ашқанмен, отбасы оның балалық шағында Қазталов ауданына қоныс аударған. 1968 жылы Қазталовтан мектепті бітірісімен, талаптанып әуе училищесіне түседі. Кейін әскери салада аянбай еткен офицердің еңбегі еленіп, қызметте сатылап көтеріледі. ҚР Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары, ҚР Қарулы Күштері командалық пунктінің бастығы, 1996 жылдан ҚР Қорғаныс министрлігінің Бас штабы орталық командалық пунктінің бастығы болған Хайретдин Расқалиев 2011 жылы зейнетке шықты. Ел еңсесін тіктей бастаған тұста сол кездегі қорғаныс министрі, армия генералы Мұхтар Алтынбаевпен елімізге жаңа әскери әуе техникасын әкелген әскери қайраткер бүгінде де сол саладан ұзай алмай жүр. ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің, Президенттің Құрмет грамотасының, бірнеше медаль иегері қазір «Халықаралық Орал әуежайы» ЖШС-ның бас директоры.
«Елге келгеніме қуаныштымын. Ендігі мақсатым - туған өлкеміздегі әуе қатынасының сапасын жақсарту. Жоғарыда айтылған Оралдың оқалы ұлдарымен үнемі байланыста боламын, олардың да елге сәлемін жеткізгім келеді. Ата-бабамыздың жауынгерлік дәстүрлерін жалғастырып, жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелей берейік. Аспанымыз ашық болсын», - деп қорытты ойын Хайретдин Расқалиев.