Қазақстанның болжалды алтын ресурсы 1,5 мың тоннаға жетеді

«Геологиялық зерттеу жұмысын жүргізудің нәтижесінде болжамды ресурстарды анықтау жоспары орындалды. Нақтырақ айтқанда, іздеу және іздеу-бағалау жұмыстарының қорытындысы бойынша жаңа кен объектілері анықталды. 1,5 мың тонна алтынның, 28,2 млн тонна мыстың, 22,6 млн тонна полиметаллдың (бүкіл Қазақстан аумағы бойынша - авт.) болжамды ресурстары белгілі болды. Бұл көрсеткіштер біздің министрліктің мақсатты индикаторларына енгізілді», - дейді Ақбатыр Надырбаев.
Комитет төрағасы сонымен қатар Қарағанды көмір бассейніндегі метанды геологиялық тұрғыда зерттеу жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Осының нәтижесінде 7 перспективалы учаскеде көмір қатарындағы метанды іздеу жұмыстарын жүргізу ұсынылып, метанның 14 млрд текше метр мөлшердегі болжамды ресурсы есептелген.
«Соңғы уақытта әлемде литийге деген сұраныс артып кетті. Осыған байланыс Қазақстан аумағында литий қорын іздеу бағытындағы жұмыс жанданған болатын. Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысының Ахмер учаскесінде литий іздеу жұмыстары жүргізілді. Жұмыс нәтижесі бойынша онда қалайы мен литийдің болжамды ресурстары анықталды», - деді Ақбатыр Надырбаев.