Қазақстанның цифрландыруға маңыз беруі құптарлық шара - «NOKIA» вице-президенті
Шетелдік мейман Астанада «Қазақстанның өнеркәсіптік саясаты: еңбек өнімділігін арттыру арқылы кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру» атты форумға арнайы шақырылған. Форум барысында индустрия 4.0 элементтері болып табылатын цифрлік технологияларды әзірлеу және қолданысқа енгізуге қатысты бизнесті қолдау бойынша сұрақтар талқыланды.
«Цифрландыру аясында бұл форумның маңызы өте зор. Сандық жүйеге өтуді жан-жақты талқылаудың маңызы баршылық. Менің өзім Владивостоктан Лиссабонға дейінгі компания тауарының нарықтағы айналымына жауаптымын. Цифрландыру жүйесі дегеніміз - заманның жаңа талабын, жұмыс жүргізу тәртібін қабылдау. NOKIA компаниясында мұның не екенін өте жақсы түсінеді. NOKIA өз кезегінде соңғы жылдары бұл бағытта бірнеше реформа жүргізді. Өздеріңіз білетіндей, осыдан 10-15 жыл бұрын ұялы телефондарды шығаруда NOKIA компаниясы көшбасшы болатын. Қазіргі күні де озық технологиялар мен цифрлық инфрақұрылым бойынша жер жаһандағы негізгі компаниялардың бірі», - дейді ол.
Маркус Борхерттің айтуынша, цифрландыру арқылы Қазақстан үшін керемет мүмкіндік туып отыр.
«Шыны керек, біз қазіргі уақытта индустриялық төңкерістің табалдырығында тұрмыз. Алғашқы индустриялық төңкеріс қозғалтқыштарға, кейін келе химия мен телекоммуникацияға байланысты болса, бұдан кейін интернет пен мобильдік қосымшалар дүниеге келді. Бүгінгі таңда өндірістік төңкерістің төртінші кезеңі өтіп жатыр. Адамдар мен көліктердің қызметі бірігіп, бәрі де автоматтандырыла түседі. Зауыттар бұдан да жоғары өнім өндіріп, қауіпсіздігі арта түседі. Индустриядағы басты жетістіктердің тағы бірі - нарыққа 5G келеді. Нақты нарықтың осы заңына бейімделе алуы немесе алмауы әлемдік компаниялар мен мемлекеттердің жаһандық бәсекеге қабілеті бар-жоғын анықтап береді. Осылайша, бұл төңкеріс жеңімпаздар мен жеңілгендерді анықтайды. Бүгінгі таңда әлемдегі ТОП-1000 компания алдағы 10 жылда мүлде жоғалып кетеді деп күтіліп отыр. Оның орнына ең мықты деген 400 компания өмірге келеді. Олардың нешеуі Қазақстанда құрылады? Егер бәрі де ойдағыдай іске асырылса, пайдалы қазбаларға бай Қазақстанның экономикасын цифрландыру адамдардың өмір сапасын арттыруға мұрындық болары сөзсіз», - дейді ол.
Маркус Борхерт өз сөзінде бүгінгі күні Еуропа өз әлеуетінен төмен деңгейде жұмыс ақтарып жатқанын айтады. Егер Еуропаның ішкі жалпы өніміне 2025 жылға қарай 2,5-3 триллион еуро салып жіберсе, одан кейінгі ІЖӨ жылына 1 процентке артатын болады. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да оған мүше елдердің ІЖӨ-сі 20 процентке өсуі мүмкін.
«Қазақстан үшін цифрландыру саласында көшбасшыға айналудың жолдары қандай? Ең алдымен, байланыс, телекоммуникация осы саланың «жүрегінде» орналасқанын ұғу керек. Цифрлық магистарльдардың маңызы зор. Бұл тұрғыда цифрлық бейімделудің де рөлін ерекше атап өткім келеді. Оның жүзеге асырылуы сол елдің саяси әрекеттеріне байланысты іске асырылады. Сондықтан, Қазақстанның барлық салада цифрландыруға баса маңыз беріп отырғанын барынша қолдаймыз. Бұл әлемнің екі бөлігін - Еуропа мен Азияны байланыстыруға септігін тигізеді», - деді ол.