Қазақстанның даму банкі елдегі іскерлік ахуалдың тартымдылығын көрсетеді - Елбасы
![None None](/static/img/plug.webp)
Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «Экономиканы жаңғырту мақсатында инвестицияларды ынталандыру» атты халықаралық конференцияға қатысушыларға жолданған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауында айтылған.
Үкімет басшысы К.Мәсімов оқып берген Елбасы құттықтауында 2001 жылдың мамырында құрылған Қазақстанның даму банкінің он жыл ішінде атқарған жұмыстарының нәтижесі қазірдің өзінде біліне бастағаны атап өтілген. «Дәл осы банк қаржыландырған жобалар қазір Қазақстан экономикасының негізін құраушы болып табылады. Бұлар - Ақтау айлағы, Мойнақ ГЭС-і, Атырау мұнай өңдеу зауыты, газ-химия кешені мен металлургиялық зауыт және тағы басқалары. Банк халықаралық қаржылық ұйымдармен, инвесторлармен танылған Қазақстандағы барлық іскерлік ахуалдың тартымдылығын көрсетеді және біздің экономикамыздың өңдеуші және инфрақұрылымдық секторларына инвестицияның құйылуына септігін тигізеді», - дейді Президент.
Елбасының пайымынша, банк қаржылық ахуал тұрақты кезеңде ғана емес, сонымен қатар дағдарыс жылдарында да жемісті еңбек етіп, Қазақстан экономикасын қаржыландыруды жалғастыра білді.
Сондай-ақ ҚР Президенті өз құттықтауында халықаралық сарапшылардың қатысуымен өтіп жатқан бүгінгі алқалы жиында еліміздің индустриялық дамуының өзекті мәселелері талқыланып, нақты ұсыныстар айтылатынына сенім білдірген.