Қазақстанның ДСҰ-ға кіруінен экспорттаушылар ұтты

«Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болуынан отандық экспорттаушылар ұтты. Бұған дейін аталған ұйымға кірмегендіктен, бізге демпингке қарсы баж салығы салынып, соның әсерінен бірқатар нарықтарға шыға алмай келдік. Атап айтсақ, ол америкалық және еуропалық нарықтар. Мәселен, бірқатар металдар бойынша мұндай баж салығының көлемі 280-300 пайызды құрады. Іс жүзінде мұндай баж салығы аталған нарықтарға біздің өнімдерімізді шығаруға мүмкіндік бермеді. Ал, енді біз бұл ұйымға мүше болғаннан кейін, аталған баж салығының көлемі 25-30 пайыздан аспайды. Егер де біздің металдарымызға қатысты тағы демпингке қарсы баж енгізілетін болса да бәсекелестік күресте өз өнімдерімізді жоғарыдағы нарықтарға сата аламыз»,- деп түсіндірді Н. Радостовец.
Сонымен қатар, атқарушы директордың айтуынша, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа қосылғаннан кейін қазақстандық экспорттаушылар 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап ресейлік теңіз порттары арқылы жүк тасымалдау үшін барынша төмен тарифтерге қол жеткізді. Алайда Қазақстан экспортқа шығаратын металдардың құнына қатысты ахуал көңіл көншітпейді. - Биыл барлық жерлерде бағалар құлдырауда. Әлемдік деңгейдегі дағдарыс біздің кен-металлургиялық секторымызды да шарпыды. Алдағы екі жылда, халықаралық сарапшылардың бағалауынша, бағалар өспейді. Сол себептен, біз қаражат көзін таппасақ, ел Үкіметінен қолдау көрмесек, бірқатар өндірістер бәсекеге қабілеттілігінен айрылады,- деді Н. Радостовец.
Оның пікірінше, отандық бизнесті қолдау үшін бірнеше жылға салықтан босату қажет. Мұндай тәжірибе дамыған елдерде бар. - Теңгеге қатысты ахуалды сараптайтын болсақ, біздің отандық өндірісіміз әлі әлсіздеу. Сондықтан, ең алдымен, ішкі нарыққа өнім шығаратын кәсіпорындарды қолдауымыз керек. Мысалы, бірқатар елдерде осындай кәсіпорындарды 5-7 жылға салықтан босататын тәжірибе бар. Бізге де осындай бұрын болып көрмеген шараны жүзеге асыру қажет. Алайда, бұл жерде елімізде тауар шығаратын кәсіпорындарды анықтап алған дұрыс,- деді Николай Радостовец. Оның пайымынша, ұлттық өндірісті дамыту - әлемдегі кез-келген валютаның нығаюының іргетесі болып табылады.
Сонымен қоса, Н. Радостовец теңгенің еркін айырбас бағамы енгізілгеннен кейін табиғи монополия қызметтерінің тарифтерін бір деңгейде ұстап қалу керек деп санайды. - Бұл аса қажетті шараның бірі. Себебі, Ресейде рубль бағамы құлдыраған кезде, бір жылға газ, мұнай, электр қуаты және теміржол тасымалы қызметтерінің тарифін тоқтатып тастады. Бізге де осындай шараны қолдану маңызды. Өйткені, КЕГОК компаниясы 1 қарашадан бастап өз тарифтерін 17 пайызға өсіруге өтініш берді. Ал 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, «Қазақстан темір жолы» компаниясы да өз тарифтерін көтеруді ұсынуда,- деп мысал келтірді атқарушы директор.
Әмірлан Әлімжан