Қазақстанның экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Германияда жұмыс сапарымен жүр
Сапар барысында министрге көлік және коммуникациялар, индустрия және сауда, денсаулық сақтау министрліктерінің, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры мен оның еншілес құрылымдарының, «ҚазАтомӨнеркәсіп», «ҚазАгро» компанияларынның, Ұлттық-Өнеркәсіптік палатаның және жекеменшік кәсіпкерлердің экономикалық делегациясы еріп жүр.
Министрдің сапары Қазақстан Елшілігі Саксонияның Экономиканы қолдау ведомствосының қолдауымен Дрезден қаласында қыркүйектің 7-сінде ұйымдастырған «Қазақстан экономикасының күні» шарасына қатысудан басталды. Жиналған қауымның алдында сөз сөйлеген министр Б.Сұлтанов оларды республиканың экономикалық дамуының негізгі бағдарламалары, біздің елімізде шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін қарастырылған жеңілдіктер мен қолдаулар туралы, сондай-ақ әлемдік қаржы дағдарысының салдарын еңсеру үшін республика Үкіметі қабылдап жатқан шаралар туралы хабардар етті.
Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Оңжанов Германияның Федералдық президенті Хорст Кёлердің 2008 жылдың қыркүйек айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының барысында қабылданған Инновациялық-инвестициялық серіктестіктің қазақстан-герман бағдарламасының жүзеге асырыла бастағаны туралы хабарлады. Дипломатиялық миссия басшысы сондай-ақ, ағымдағы жылдың мамыр айында Берлинде Қазақстан мен Германияның сыртқы істер министрлері қол қойған Болашақ жолындағы іс-қимылдар бағдарламасында анықталған саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы көлемді ынтымақтастық ниеті туралы да баян етті.
Қазақстанның Саксониямен арадағы қарым-қатынастың белсенділігі арта түсуіне осынау федералдық жерде Қазақстанның Құрметті консулдығының ашылуы серпін бермек. Саксонияның Экономика және еңбек министрі Томас Юрк өз сөзінде, қазақстан-саксон сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамытудың кемел келешегін атап көрсетті және саксониялық кәсіпкерлерді қазақстандық серіктестермен кооперациядағы әлеуетті белсендірек пайдалануға шақырды.
Дрезденде қазақстандық «Богатырь Аксесс Көмір» компаниясы мен германдық «Тakraf GmbH» компаниясы көмір өндірісі саласындағы ниеттері туралы меморандумға қол қойды. Ал «ҚазАтомӨнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы мен «Chemieanlagenbau Chemnitz GmbH» компаниясы ғылыми қамтымды өндірістер мен серпінді технологиялар құру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.