Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Дауыл Хайруллин жайлы сыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әннің де естісі бар, есері бар, Тыңдаушының құлағын кесері бар,Ақылдының сөзіндей ойлы күйді,Тыңдағанда көңілдің өсері бар, - деп Абай атамыз жырлағандай, құйқылжыта салар әннің ұйықтап жатқан жүректі оятып, дертін қозғап, мұңын тарқатар әсері бар.
None
None

Ана әлдиімен бойға сіңген әдемі ырғақ бесік жыры боп тербейді. Адам баласының өмір бойы құлақ түріп, әннен дауа іздейтіні де содан болар...

Ал бүгінгі әңгіме еткелі отырған әншіміз өзінің аз ғұмырында өмірінің мәнін өнер деп түсінген дарын иесі Дауыл Хайруллиннің жүріп өткен өмір жолы жайлы болмақ.

Әншінің азан шақырып қойған аты Жайлаухан болғанмен, ата-анасы Дауыл деп атап кетсе керек.

Табиғаты сұлу Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданына қарасты Құйған аулында дүниеге келген ол бала кезінен әнге құштар болып өсті. Ауыл сахнасында, жиын-тойларда ән салып, машықтанғанмен, Дауыл бірден өнер жолына түсе қойған жоқ. Ол өз аулында алты-жеті жыл ауыл шаруашылығында еңбек етті. Сөйтіп, бойды кернеген әсем ән, асқар шыңды көксеген асыл арман жетегінде болашақ әнші Семейге жол тартты.

Бұл 1969 жылдың жазы еді. Танымайтын қала өмірі алғаш жат көрінгенімен сұрай жүріп, Дауыл қаладағы Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесін іздеп тапты. Есіктен имене кіргенде алғаш танысқаны Аймұхамбет еді. Олардың сол таныстығы өмір бойы жолдастыққа ұласты. Енді сазгер Аймұхамбет Бейсенбековтың жан досы Дауыл жайлы ойын ортаға салсақ:

"... Дауыл баритон дауысты, өте сирек кездесетін кең диапозанды әнші. Бәріміз оны екінші Серкебаев деп айтатынбыз. Еңбегі бағаланып Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын алды. Соған бәріміз қуандық. «Отырар сазымен», Құрманғазы атындағы оркестрмен ән салды, өнер сапарларымен ел аралады.

Ұстаз ретінде шәкірттері республикаға белгілі болып жатыр. Ол өзі жетім өскен, жылқы баққан.

1968 жылы музыкалық училищесінде бірінші курс бітіргелі жүргенмін. Коридорда жігіт тұр, амандастық. «Вокаль сыныбына түссең жүр, дауысыңды көрейік» дедім. Мен пианиноға отырдым. Ол Сәкеннің «Көкшетауын» айтты. Өзі Серкебаевқа еліктейді екен. Диапозоны әйбат, сосын ре-мажорда бірігіп айттық, дауыс деген табиғи дайын дауыс. Кішкене бағыт-бағдар беру керек. «Бітті, сен түстің» дедім. Содан түсіп кетті, екеуміз училищеде бірге оқыдық. Кейін консерваторияда Бекен Жылысбаевтың алдынан дәріс алдық. Ол өзінің өтерінен бір ай бұрын ғана өзінің аудиотаспасын шығарды. Дауыл Петр Чайковскийдің романстарын, әлемдік шығармаларды қалай орындайды. Абайдың сөздеріне жазылған шығармаларды керемет орындайды. Ол туралы бір кітап жазылған. Дауыл досым музыка училищесінде Борис Турищев деген мұғалімде оқыды. Консерватория бітірген соң отбасының жағдайымен Алматыда қала алмады. Дауыл Хайруллин си -би- мольді еркін айта беретін", - деп еді. Қызығы мол студенттік шақта әлем музыкасымен танысып, шығармашылығы шыңдалып, үлкен ұстаздан дәріс алған қос әнші консерваторияны бітіріп, туған жерге оралып, Семейдің облыстық филармониясына қабылданады.

Дауыл Хайруллин қасиетті Абай мен Шәкәрім туған топырақта небір тамылжыған әндерді үлкен сахналарда шырқап, халықтың сүйікті әншісіне айналады.

Жібектей есілген мінезімен, нәзік те сырлы әндерімен, өзінің адами қасиетімен жұртқа жаққан әншіні халық қайда барса да хан көтеріп, төрден орын беріп, өнерін мойындайды.

Дауыл филармонияд жанынан құрылған «Әсем» ансамблімен Париж қаласында өнер көрсетті. Қанша тыңдасаң да жалықтырмайтын Дауылдың орындауындағы әндер Франция жұртшылығының жүрегіне жол тапты. Кезінде ән атасы Әміре шырқаған үлкен сахнада қазақтың тағы бір әншісі осылайша өнер көрсетті.

Дауыл Хайруллин бала кезінде облыстық көркемөнерпаздар байқауының жүлдегері атанса, 1976 жылы Республикалық «Жігер»,

1977 жылы Бүкілодақтық әншілер фестивалінің, 1985 жылы Күләш Байсейітова атындағы байқаудың лауреаты атанып, құшағы гүлге толды, ел сенімін ақтады.

Дауыл консерваторияны бітірген кезде «Отырар сазы» және Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрлерінде, Бақытжан Байқадамов атындағы хор капелласында еңбек етті. Осы аралықта Ресей, Украина, Белоруссия, Өзбекстан жерін аралап көпшілікпен бірге ұлттық өнерімізді насихаттады.

Дауыл Хайруллиннің дауысы толық диапозонды, әдемі тембрлі лирикалық баритон. Әншінің ән бағдарламасы өте бай еді. Ол халық әндері мен Қазақстан композиторларының әндерін, орыс және шетелдің классикалық шығармаларын шебер орындайтын.

Дауылдың ән қоржынындағы композитор Теміржан Базарбаевтың «Шалқыма», «Есіңде бар ма жас күнің», «Қалай жүрсің сағынбай», «Жаңа жерлер, жасыл көлдер», «Жарқ етпес қара көңілім не ғылса да» әндері алғаш Қазақ радиосының әуе толқыны арқылы тыңдаушысына жетті.

Дауыл, әсіресе, Абай әндеріне ерекше көңіл бөлетін. Философиялық толғамға бай Абай шығармаларының тыңдаушыға бере ғибраты, үлгі-өнегесі ерекше. Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» әндері әншінің орындауында түрленіп кететін. Дауылдың орындауындағы әндерді тыңдап отырғанда даланың самал желі, жомарт та дархан қазақ жерінің қасиеті сезіледі.

Дауыл Қазақстанның егемендік алғанына бір жыл толуына орай Мәскеудегі Чайковский атындағы концерт залында мерекелік концертте Теміржан Базарбаевтың «Өз елім» әнін айтып, туған елдің қасиетін дәріптеді.

Дауыл облыстық филармонияда еңбек ете жүріп өзі оқыған училищеде ән бөлімінде шәкірт тәрбиеледі. Бүгінде аты таныла бастаған Қанат Жамауов пен Нұрлан Көшеров сынды шәкірттері ұстаз өсиетін орындап, үлкен сахналарда өнер көрсетуде. Дауыл досқа адал, отбасында бала-шағасына аса қамқор жан еді.

Алпысқа келдіңіздер, Алпысқа кесек екен енді біздер! - деп Мұқағали ақын жырлағандай, осы бір үлкен тойдың қарсаңында өнер жайлы жинағын, үнтаспасын шығарып, дайындық үстінде жүргенде халқымыздың аяулы перзенті жарық дүниемен қоштасты.

Қазақ радиосының алтын қорында сақталған сырға толы әдемі әндері келер ұрпаққа жетер асыл мұра десек, жаңадан әнші болам деп талаптанып жүрген жастарға осындай әншілердің үнін көбірек тыңдап, ән сырын ұқса деген тілегіміз бар. Әсерлі әннің жан дауасы екенін тыңдаушы жан-тәнімен сезеді. Халық айна.

Мен Дауыл Хайруллинның орындаған әндерін тыңдай отырып өнер сахнасында жүргенде халыққа бұдан да кеңірек танылып, алар асуға жетер еді-ау деген ойда қалдым.

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ, қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай» деп жатады. Біз әсем әнді әсерлі жеткізуші Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Дауыл Хайруллинның өмірі мен өнері жайлы осылайша сыр шерттік.

Алтын Иманбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Соңғы жаңалықтар