10:41, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақстанның Германиядағы жылы екі елдің қарым-қатынасына жаңаша серпін береді - Н.Назарбаев
АСТАНА-АҚОРДА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Германия Федеративтік Республикасына жасаған сапары Қазақстан – Германия іскер топтарының бизнес форумына қатысуымен басталды.

Екі елдің іскер топ өкілдерінің алдында сөз сөйлеген Президент екіжақты қарым-қатынастар дәйекті қарқынмен дамып отырғанын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Германия басшылығының бастамасы бойынша Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы стратегиясы әзірленіп, жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, Германия 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәселесінде Қазақстанға айтарлықтай қолдау көрсетіп отыр. Екі мемлекеттің келешектегі бірлескен жоспарлары мен міндеттері 2008 жылғы қыркүйекте Астанада қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы болашақтың игілігі жолындағы әріптестік туралы Бірлескен мәлімдемеде айқындалған.Германия ұзақ жылдар бойы Қазақстанның ірі экономикалық әріптестерінің қатарында. Қазақстанда Германия капиталының қатысуымен 540-тан астам кәсіпорын құрылған. ГФР-дың Қазақстан экономикасына салған инвестициясының жалпы көлемі шамамен 3,5 млрд. долларды құрайды. Біздің рынокта жұмыс істейтін компаниялардың қатарында «Фольксваген», «Сименс», «Даймлер», «МАН», «РВЕ», «ЕАДС», «Байер», «БАСФ», «Бош» сияқты әлемге танымал концерндер бар.Мемлекет басшысы Қазақстанның неміс бизнесімен, атап айтқанда өңдеуші өнеркәсіп, машина жасау, ауыл шаруашылығы және тағам өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екендігін атап көрсетті.Содан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Германияның көрнекті саяси қайраткері, бұрынғы Канцлері Ганс Дитрих Геншермен кездесті. Әңгімелесуші тараптар әлемдегі саяси және экономикалық ахуалды талқылады.Германия Федеративтік Республикасының Федералды Президенті Хорст Келермен болған кездесуде екіжақты қарым-қатынастарды жандандырудың перспективасы талқыланды. Сонымен қатар, мемлекет басшылары халықаралық проблемалардың кең ауқымды мәселелері жөнінде пікір алмасты.Сапар аясында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Германияның Федералды Канцлері Ангела Меркельмен жұмыс бабындағы түскі асқа қатысты.Қазақстан әлемдік экономиканы реттеуге мүмкіндік беретін жаңа ережелерді әзірлеу және БҰҰ қамқорлығымен Бүкіләлемдік экономикалық кеңес құру туралы Германия басшысының бастамасын қызығушылықпен қабылдады. Өз кезегінде герман тарапы Қазақстан басшысының бірыңғай бүкіләлемдік есеп айырысу ақша бірлігін құру туралы бастамасын ықыласпен зерттеу үстінде. Сапардың маңызды сәті Нұрсұлтан Назарбаевтың Германиядағы Қазақстан жылын салтанатты жағдайда ашуы болды. Оны өткізу туралы уағдаластыққа ГФР Федералды Президенті Х.Келердің біздің елімізге 2008 жылғы қыркүйекте жасаған Мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген. Еліміз мұндай шараны ТМД аумағынан тыс жерде алғаш рет өткізіп отыр.Германиядағы Қазақстан жылының аясында көптеген ірі шаралар, оның ішінде маңызды жоғары дәрежедегі саяси кездесулер, экономикалық форумдар, ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізілмек. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық, білім беру салаларында да бірқатар нақты жобалар жүзеге асырылады.Қазақстан жылы Берлин қаласынан басқа да Германияның көптеген өңірлерінде өтіп, қазіргі заманғы Қазақстанды осы елдің тұрғындарына жан-жақты таныстыруға бағытталып отыр. Салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Германиядағы Қазақстан жылы екі елдің қарым-қатынасына жаңа серпіліс беріп, екіжақты ынтымақтастықтың сапалы жаңа кезеңіне негіз қалайтынына, Қазақстан мен Германия халықтарын одан сайын жақындастыра түсетініне сенім білдірді.