Қазақстанның халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаев дүниеден озды

Құдайберген Сұлтанбаев 1947 жылы Қызылорда облысының Арал ауданында дүниеге келген. Өнердегі жолын 1970 жылы «Гүлдер» ансамблінде жарық берілушіліктен бастаған ол халықтың сүйікті актеріне айналды.
Қ. Сұлтанбаев сан қырлы дарын иесі еді. Оның ерекше талантты сатира жанрында жарқырай көрінді. Көрерменнің көпшілігі оны алдымен «Тамаша» ойын-сауық бағдарламасы арқылы жақсы таныды. Бұл тұста осы отаудың іргесін қалаушылардың бірі болған актер өмірінің соңына дейін оның бағдарламаларына белсене қатысып, көрерменді хас өнерімен сусындатып өтті.
Көрнекті актер кино өнерінде де өзіндік із қалдырды. Режиссер С.Нарымбетовтың бірнеше фильмінде, сондай-ақ Б.Шамшиевтің «Көктөбедегі кездесу», З.Подольскийдің «Қош бол, Медеу», С. Тәуекелдің «Махамбет», Р.Әбдірашевтің «Қаладан келген қыз», «Құрақ көрпе» және тағы да басқа көркем фильмдерде әрқилы да қызғылықты бейнелер жасады.
Ол М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік тобына қабылданып, өмірінің соңына дейін осы театрда қызмет етті. Қара шаңырақ сахнасында көптеген бейнелерді сомдады. Соңғы жаңа жұмысы, премьерасы жуырда ғана өткен Ә.Рахимовтың «Қылмыскерге куәлік» қойылымында Әкім бейнесі болып еді.
Сонымен қатар ән салып, бірнеше аспаптарда да ойнады. Суретшілік өнерден де кенде болмады. Қазақ Ұлттық Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында ұстаздық қызмет атқарды.
Құдайберген Сұлтанбаев 1995-1999 жылдар аралығында ҚР Парламентінің депутаттығына сайланды. Ол осы кезеңде ел үшін өзекті мәселенің бірі - Арал проблемасына ерекше назар аудартып, сайлаушыларының аманатын орындағын еді.
Ол 1974-1992 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік өнер институтының актерлік мамандығын, Абай атындағы Мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген.
Қазақстанның халық әртісі, Бүкілодақтық эстрада әртістері конкурсының лауреаты, көрнекті актер, ұлағатты ұстаз Құдайберген Сұлтанбаевпен қоштасу 21 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 9.30-да М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында болады.