Қазақстанның Халық қаһарманы, қоғам қайраткері Әзірбайжан Мәмбетов тұлғасы, өнердегi орны халықтың жадында мәңгі сақталады

None
None
А. Қарашаның 18-і. ҚазАқпарат  ‑ Бүгін қазақ мәдениеті мен өнері орны толмас қазаға душар болды. 78 жасына қараған шағында Қазақстанның Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов дүниеден озды. Қазақ сахна өнерiн әлемдiк деңгейге көтеріп, кеңестiк дәуiрде-ақ өзiнің дарынымен қазақ театрының мәртебесiн аспандатқан, сахналық шешiмдерiнiң тереңдiгiмен жаңашыл режиссер атанған өнер тарландарының бірі

- Әзiрбайжан Мәдиұлы Мәмбетов еді.
1932 жылы қыркүйектің 2-сінде Ресейдің Волгоград  облысында дүниеге келген Ә. Мәмбетов Алматы хореография училищесінде, А. Луначарский атындағы Мемлекеттік театр өнері институтында білім алды. Институт бітіргеннен кейін М.Әуезов атындағы Қазақ драма театрында, «Мосфильм» киностудиясында, Қазақ КСР Мемлекеттік кино комитетінде, «Қазақфильм» киностудиясында, Алматы театр және көркемөнер институтында жемісті еңбек етті.

Инсттутты бітірген осң М. Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының режиссері, 1965 жылы бас режиссері қызметтерін атқарды. 1976 жылы КСРО халық әртісі атағына ие болды. Бұның алдында ғана оған КСРО және Қазақ ССР-інің мемлекеттік сыйлығы берілген болатын.

 Әзірбайжан Мәдиұлы өзінің режиссерлік еңбек жолын 1957 жылы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында Ш. Хұсайыновтың «Ертіс жағасында» атты пьесасын қоюмен бастаған. Осы өнер ордасында жүріп Ә. Мәмбетов Қ. Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», М. Әуезовтың «Айман-Шолпан», Қ. Байсейітов пен Қ. Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай», Лопе де Веганың «Қызғаныштан махаббат» секілді көптеген пьесаларын қою арқылы комедия жанрында дарынын ұштай түсті.

1970-1980 жылдары Ә. Мәмбетов өмірінің ең белесті сәттері болды. Ол театрдан кино саласына кетіп, өзін кино саласында сынап көрді. Осы жылдар кезеңінде кейіннен көрерменнің жүрегіне жол тартып, қазақ кинематография саласының алтын қорынан өзіндік орын алған   «Жаушы», «Қан мен тер» фильмдері  жарық көрді. Бұдан кейінгі жылдары Ә. Мәмбетов театрға көркемдік жетекші ретінде шақырылады. 1989 жылы КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды.

1999 жылы Мемлекет басшысының қабылдауында болған Әзірбайжан Мәдиұлы  Елбасының «елорда театрына басшылық жасаңыз» деген ұсынысын қабыл алып, Астанаға келген болатын. Ол елордада Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік музыка-драмалық театрды басқарды. Оның алдында театрды жаңа сапалы деңгейге көтерудің үлкен міндеті тұрған болатын.

«Әзірбайжан Мәмбетовтың Астана театрындағы соңғы 10 жылда жеткен табысы - әрине, көрермен көзайымы болған түрлi спектакльдер. Атап айтқанда, Әзекеңнiң әрiптесi бола бiлген басқа режиссерлердiң қойылымдары, шығармалары сахналанған драматургтер, образдарға жан бiтiрген актерлер шығармашылығы. Мiне, мұндай құбылысты өткерген сахналық ұжымның бар жауапкершiлiгi жетекшiнiң араласуынсыз өзiнен-өзi жүрмейдi. Ендеше осы уақыт аралығы Астана театрының Әзiрбайжан Мәмбетовтiң кезеңi деп аталуы заңды. Әрине, қазақ сахна өнерiнiң қара шаңырағы М.Әуезов театрында өзi жеткен биiктiктерден кейiн жаңа театрға келiп, баяғы ырғақпен жұмыс iстеп кетудiң мүмкiн еместiгi анық. Осы тұрғыдан Ә.Мәмбетовтiң таңдап алған бағыты мен театрдың алға басуы үшiн жасалған стратегиялық жоспары бүгiнгi көзқараспен бағалағанның өзiнде өте дұрыс. Әзекең шығармашылығының қай бағыты да қызықты. Дегенмен, ең алдымен Ә.Мәмбетов режиссурасы - ұлтымыздың өнер байлығы. Сахналық қойылым табысты болумен қатар, сәтсiз болуға да құқылы. Бiрақ қай спектакль болмасын өнер туындысы ретiнде қызықсыз болуына жол жоқ. Бұл қағида - Әзекеңнiң спектакльдерi арқылы тараған ұғым. Астана театрының сахнасында қойылған «Қаракөз», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Ана - Жер-Ана» сынды тағы да басқа көптеген қойылымдарды iз-түссiз өте шыққан спектакльдер деп айтатын кiсi жоқ.  Жалпы, Ә.Мәмбетовтiң тұлғасы, өнердегi орны әлi ұзақ уақыт сақталады. Себебi, қазақ сахна өнерiнде ол қалыптастырған мектептен асқан ештеңе жоқ. Сондықтан да Астана театры үшiн, оның бүгiнгi ұжымы үшiн Ә.Мәмбетов - ырымды тұлға. Астана театры Әзекеңдi көркемдiк жетекшiсi ғана емес, рухани жетекшiсi ретінде бiледi», деп жазады Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрының директоры әрі көркемдiк жетекшiсi Еркiн Жуасбек «Алматы ақшамы» газетінде шыққан «Мәмбетов мектебі» атты мақаласында.

Ә.Мәмбетов «Отан», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» орден- медальдарымен марапатталған. КСРО және Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО және Қазақстанның  халық әртісі атанған. Астана қаласының құрметті азаматы. Оның жарқын тұлғасы мен өнердегі орны халықтың жадында мәңгі қалады.

Соңғы жаңалықтар