Қазақстанның халықаралық беделі артып келеді
Өз тарихында ең жоғары халықаралық мәртебеге ие болды. Осындай айтулы жеңістеріміздің қатарында еліміздің 56 мемлекетті біріктіретін ЕҚЫҰ және 1,5 миллиардтан астам халқы бар 57 қатысушы мемлекеттің қолдауына ие болған ИЫҰ-ға төрағалығын атауға болады. Сондай-ақ ТМД, ШЫҰ, Кеден одағы сияқты аса ірі аймақтық ұйымдарды құрудың бастауында біздің еліміз тұрғандығын да атап өткен абзал.
Қазақстан қашанда интеграция мен өзара іс-қимылдың жақтаушысы болып келді, Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясын қолдады. Бүгінде ЕАЭО ақиқатқа айналды және 180 миллионнан астам халқы бар 5 елдің басын біріктіріп отыр. 2015 жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына толыққанды мүше болды.
Міне, осы табыстардың лайықты жалғасы, еліміздің экономикалық қуатын жаһандық танудың тағы бір көрінісі - Қазақстанның бүкіләлемдік ЭКСПО-2017 көрмесін Астанада өткізу жөніндегі үлкен бәсекеде айқын басымдықпен жеңіске жетуі. Жаһандық жетістіктердің осынау әйгілі көрмесін алғаш 1851 жылы Лондонда өткізілгеннен беріде АҚШ, Франция, Германия, Жапония, Бразилия, Канада, Ұлыбритания, Қытай сияқты экономикалық алыптар қабылдаған болатын. Енді осы беделді тізімге біздің еліміз де еніп отыр.
Халықаралық көрмелер бюросының 152-ші Бас Ассамблеясында жабық дауыс берудің нәтижесінде Қазақстанның елордасы көп дауыс иеленіп, Бельгияның Льеж қаласын басып озды және ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі өтетін қала болып жарияланғандығын қуанышпен айта кеткен жөн.
ТМД елдері арасында оқ бойы озық Қазақстан EXPO-2017 көрмесін өткізу арқылы тағы бір мәрте әлемдік аренада өзін танытатын болады. Жас Астананың сәулеттік келбеті артып, жаңа тұрғыдағы ғажайып ғимараттармен толығып, қала ішінен жаңа қалашық бой көтереді. Әрине, бұл жерде Елбасының еңбегінің зор екенін, Қазақстанды айдай әлемге паш етуде ішкі және сыртқы саясатты салмақты жүргізе білгендігін айтқан абзал.
Бұл халықаралық шараны өткізуге үміткер мемлекет экономикалық және әлеуметтік мүмкіндігі бар, әлемдік саяси аренада мойындалған ел болуы шарт. Осынау халықаралық шараны өткізу мүмкіндігіне дейін Қазақстан Халықаралық көрмелер бюросына 1997 жылы мүшелікке қабылданып, 2005 жылдан бастап EXPO көрмелеріне белсенді катысып келді. Халықаралық көрмелер өткен 160 жылдан астам уақытта олар негізінен экономикалық алыптар саналатын АҚШ, Франция, Германия, Жапония, Бразилия, Канада, Ұлыбритания, Испания, Қытай және басқа елдерде өтті. Енді олардың қатарына Қазақстан да қосылып отыр. Бұл - Қазақстанның зор табысы.
Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталес атап өткендей, Қазақстанның ЕХРО-2017 көрмесін өткізуге жоғары дәрежесі бар.
Астананың 2017 жылға ұсынған тақырыбы маңыздылығымен қызығушылық тудыратыны және энергетика саласының жетекші идеяларын айшықтай түсуге жол көрсететін алаң болмақ. Қазақстанның таңдап алған «Болашақ энергиясы» тақырыбы ұзақмерзімді ұлы мақсатты бағыт. «Болашақ энергиясы» тақырыбы бүкіл адамзат үшін ортақ болып, энергияның тапшылығы мен экологиялық қауіп-қатер сынды мәселелерді шешуге мүмкіндік беретініне сенім мол. Қазақстан тек сауда ғана емес, Еуразиялық континенттің энергетикалық жолдарының тоғысында да орналасқан. Бүгінде біздің технологияларымыз әлемдегі энергетика саласындаға озықтардың қатарында емес, алайда егер біз уақытқа ілескіміз келетін болса, өз көзқарастарымызды өзгертуіміз керек, альтернативті энергия көздерін пайдаланып, экологиялық тиімділікпен өмір сүруіміз қажет. Астанада 2017 жылы EXPO көрмесін «Болашақ энергиясы» тақырыбында өткізуге дайындық ғылыми инженерлік ойдың дамуына және қазақстандық энергетиканың келешегін талдауға ықпал ететініне сенімдіміз. Дүниежүзі ірі ғалымдарының баламалы қуат көздері туралы толғамды ойлары Қазақстан жерінде тұсау кеспек.