Қазақстанның инвестициясымен Грузиядағы бес жұлдызды «Риксос-Боржоми» қонақ үй кешені ашылды
«Бұл тамаша табиғат аясындағы курорт бұрынғы Кеңес Одағына кеңінен танымал болған грузиялық Боржоми-Ликани денсаулық орнына салынды. Тау мен орман ауасы, емдік процедуралар, Боржоми суының жылы ванналары мыңдаған адамдарға денсаулықтарын түзеуге көмектескені сөзсіз. Енді міне, Қазақстан мен Грузия елдерінің жемісті ынтымақтастығының арқасында керемет курорт екінші рет дүниеге келіп отыр»,делінген «ҚазМұнайГаз» компаниясының мәліметінде. 2005 жылдың қарашасында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Грузияға ресми сапары болған еді. Мемлекет басшылары деңгейіндегі осы кездесу Грузия мен Қазақстан арасындағы экономикалық саланы, оның ішінде туризмді дамытудағы толыққанды екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін берді. Тарихи кездесудің нәтижесінде «ҚазМұнайГаз» компаниясы Грузия аумағында бірқатар жобаларға, оның ішінде «Боржоми-Ликани» сауықтыру кешеніне инвестиция салуға шешім қабылдаған болатын. 2011 жылдың қазанында «Borjomi Likani International» біріккен қазақ-грузин кәсіпорны құрылып, оның құрамына «ҚМГ-Сервис Тбилиси» және «PartnershipFund» Грузия Әріптестік қоры кірді. Сауықтыру кешенінің құрылысы 2012 жылы басталып, 2014 жылдың аяғында табысты аяқталды. Инвесторлар аталған нысанның Қазақстан мен Грузия азаматтарының, сондай-ақ жақын және алыс шетел саяхатшыларының сүйікті демалыс орнына айналатынына сенімді. Кешен жұмысын белгілі «Риксос» жүйесі жүргізетін болады. «ҚазМұнайГаз» бұл кешеннің құрылысы жөніндегі өзінің әріптестік міндеттемелерін толық орындап шықты.