Қазақстанның Иран Ислам Республикасына уран жеткізу туралы келісімге қатысы туралы кейбір БАҚ таратқан ақпаратты үзілді-кесілді жоққа шығарады - ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесі

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің бүгін, желтоқсанның 30-ында таратқан мәлімдемесінде айтылған.
"Әлемде төртінші зымырандық-ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарта отырып және әлемдегі екінші ірі Семей сынақ алаңын жабу арқылы Қазақстан дүние жүзі мемлекеттері мойындаған әлемдік қарусыздану мен қаруды таратпау процесінің көшбасшыларының бірі болып табылады", - делінген мәлімдемеде.
"Қазақстан жаппай қырып-жою қаруын таратпау және қосарлы қолданыс материалдарын қатаң бақылауда ұстау қағидаттарын қалтқысыз ұстанады. Ядролық қарусыз мемлекет ретінде еліміз Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімнің, Ядролық материалдардың физикалық қорғанысы туралы БҰҰ конвенциясының, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларын, сондай-ақ Ядролық материалдарды жеткізуші топ ережелері мен қағидаттарын бұлжытпай орындап келеді.
Қазақстандағы ядролық материалдарға қатысты барлық шаралар, оның ішінде атом энергетикасын бейбіт мақсатқа қолдану саласындағы басқа елдермен ынтымақтастығымыз, Халықаралық Атом Энергиясы жөніндегі Агенттігі берген жан-жақты кепілдерге сәйкес жүзеге асуда.
Қазақстан таратылған ақпаратқа Халықаралық Атом Энергиясы жөніндегі Агенттік тарапынан тиісті баға берілетініне сенеді", - делінген ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.