Қазақстанның калийлi кен орындарын игеруге 3 млрд. 800 млн. доллар инвестиция салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның калийлi кен орындарының ресурстарын игеруге 3 млрд. 800 млн. доллар инвестиция салынады. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов пен Қытай Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянның келіссөздерінен кейін ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлім етті.
None
None

«Біз бірқатар құжатқа қол қойдық. Оның арасында жаңасы да, ескісі де бар. Мен бірінші бөлімде қол қойылған үкіметтік құжаттар жайында ғана айта аламын. Біздерде калий тыңайтқышы бойынша үлкен бағдарлама болады. Өздеріңіз де білетіндей, Мемлекет басшысы Си Цзин Пимен кездесуінде біздер меморандумға қол қойған едік. Қазіргі уақытта біз оны тағы бір мәрте тыңғылықты қарап шықтық. Қытайлық компаниялар өндіріс көлемін ұлғайтуды ұсынды. Бұл біздер үшін жаңа сала», - деді ол.

Ә.Исекешевтің айтуынша, аталған кен орнының өндірістік қуатын миллион тоннадан 2025 жылға қарай 7 миллион тонға жеткізуге болады.

«Осынау ірі бағдарлама бойынша инвестиция көлемі 3 млрд. 800 млн. долларды құрайды. 2015-2016 жылдардың өзінде ғана Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстары аумағында жаңа өндіріс құрылысы басталады. Бес мың жұмыс орны құрылады. Осындай ірі бағдарламаға бүгін қол қойдық. Жоғарыда атап өткен инвестиция көлемі 2022 жылға дейін игеріледі», - деді Ә.Исекешев.

Айта кетейік, бүгін ҚР Инвестициялар мен даму министрлiгi мен ҚХР Сауда-өнеркәсiп банкi, СИТИК және «Қазақстан поташ корпорейшн» ЖШС арасындағы Қазақстанның калийлi кен орындарының ресурстарын игеру бойынша шектемелi келiсiм бекітілген болатын.

Соңғы жаңалықтар