Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына арналған журналистер мен фототілшілер арасындағы байқау жеңімпаздары анықталды

«Бүгін біз халқымыздың тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері туралы мақтанышпен айтамыз. Ақпарат саласындағы Тәуелсіздік жылдары ауқымды жұмыстар атқарылды. Осы жылдар ішінде тәуелсіз баспасөз құралдарының саны бірнеше есе артты. Сапалы жаңа теларналар, мазмұнды газет-журналдар дүниеге келді. Мемлекеттік тілде жарық көретін басылымдар саны артты», - деп атап өтті ҚР Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев байқау жеңімпаздарына арнап жолдаған құттықтауында.
Министр атап көрсеткендей, ақпараттық қауіпсіздік бағытында мемлекет қыруар іс атқаруда. Тек соңғы жылдары мемлекеттің тікелей қолдауымен дүниеге келген «Балапан», «Мәдениет» телеарналары көрерменнің көзайымына айналды. Қазақстанның саяси тұрақтылығын, экономикалық табыстарға жетуін, елдің әл-ауқатының айтарлықтай жақсаруын жан-жақты насихаттауда тілшілер қауымының үлесі орасан зор.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында өткізілген шығармашылық байқаудың нәтижесінде: «Егеменді Қазақстанның тарихына арналған үздік авторлық фотоматериал» аталымында - ҚР Премьер-Министрінің фототілшісі Шүкір Шахай;
«Қазақстанның экономикалық жетістіктерін (экономикалық реформаларды жариялау) көрсететін ең үздік мақала» аталымында - «Қазақстан -Заман» халықаралық республикалық газетінің тілшісі Жадыра Мүсілімова (қазақ тілінде) және «Нарық әлемі» газетінің тілшісі Қалмұрат Дәулетбаев (орыс тілінде);
«Еліміздегі саяси жаңартулар бойынша үздік мақала» аталымында - «Тәуелсіздік және демократия» мақаласы үшін (қазақ тілінде) белгілі ғалым, профессор, «Мысль» журналының тілшісі Әбдеш Қалмырзаев және «Белес» мақаласы үшін (қазақ тілінде) «Жас қазақ» республикалық газетінің жауапты хатшысы Ағабек Сыдықов;
«Ең үздік қоғамдық-саяси басылым» аталымында - «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналы;
«Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне арналған қазақ тіліндегі ең үздік телевизиялық жоба» аталымында - «Қазақстан. Менің елім» бағдарламасы үшін тележүргізуші, «Қазақстан» телеканалының «Апта.kz» ақпараттық-талдау бағдарламасының шеф-редакторы Л.Гумилев атындағы журналистика факультеті телерадиожурналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті Қанат Әуесбай және «Жасампаздықтың 20 жылы» фильмі үшін «Қазақстан - Қарағанды» телеарнасының телебағдарламаларды дайындау бөлімінің бастығы Әшімхан Жанпейісов;
«Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне арналған орыс тіліндегі ең үздік телевизиялық жоба» аталымында - «Великая мечта» деректі фильмі үшін ҚР Президентінің Телерадио кешені жеңімпаз болды.