16:49, 16 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақстанның қаржы билігінің шешімін қолдаймыз ?ресейлік сарапшылар
АСТАНА. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат - Теңге девальвациясында біздің ел қолданған қадам шетелдік қаржы ұйымдары мен осы саладағы басылымдардың сарапшылары тарапынан түрлі пікір тудырғанымен, соның бәрінде бір ортақ ұқсастық бар. Ол – Қазақстан өте тиімді шешім жасады деген түйін.
![None None](/static/img/plug.webp)
ҚазАқпарат шетелдік басылымдарда жарық көрген осындай материалдарды оқырман назарына ұсынуды жалғастырады.
«Өзінің нарықтық шешімдерімен танымал, Қазақстан Ұлттық банкінің жаңа басшысы - осы лауазымға 2009 жылы қаңтарда тағайындалған Григорий Марченко ресейлік қаржы билігіне қарағанда тәуекелшіл болып шықты және қазақ ұлттық валютасын 30 пайыздық девальвациялаған радикалдық жолды таңдады. Біз Қазақстанның қаржы билігінің мұндай қадамын қолдаймыз және ресейлік экономика 2008 жылы қазанда рубльдің девальвациясына қатысты осындай әрекетке барса, одан тек ұтар еді деп есептейміз. Ресейлік рубльді нарықтық негізбен күрт девальвациялаудың орнына Ресейдің монетарлық билігі популистік және протекционистік жолмен кетті. Мұндай валюталық саясаттың зияндылығы туралы біз өзіміздің «Рубль девальвациясы жалғасуда. Рубльдің біртіндеп девальвациялануы ? пайдасынан зияны көп» («Девальвация рубля продолжается. Плавная девальвация рубля - минусов больше чем плюсов» (http://www.ncapital.ru/analytic/2009/983/)) деген тақырыптағы шолуымызда жаздық», - дейді аталмыш сайт ҚР Ұлттық банкінің теңгені девальвациялау қадамына байланысты өз сараптамаларында. «Теңгені күрт девальвациялау шешімі екі бірдей ірі қаржылық ұйымның (Альянс Банк және БТА Банк) мемлекет бақылауына өткен соң, бірнеше күннен кейін қабылданды. ҚҰБ басшысы ірі банктермен жағдай анықталмайынша девальвацияны өткізуге болмайтын еді, деп атап көрсетті. Аталған банктер сол кездегі жағдайында девальвацияға төтеп бере алмас еді. Екі банк те мемлекеттік бақылауға өткеннен кейін банк секторының клиенттері үшін теңгенің күрт девальвациясы аса қорқынышты емес. Ресейлік тұрғындар көзқарасы тұрғысынан әдеттен тыс болып көрінетін мұндай шұғыл шешімге Қазақстан билігінің баруы бірінші рет еместігін атап өткен жөн. Мысалы, ХХ ғасырдың 90-жылдарының соңында банк институттарын қысқа мерзімде қысқартуға заңнамалық жолмен барды ? ел президентінен банк секторына бір ай ішінде өз капиталдарын өсіріп, GAAP талабынан жақын, бухгалтерлік есептің банктік стандарттарына өтуіге дайын болу туралы тапсырма берілді. Мемлекет басшысы - Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан заңнамалық тұрғыдан қолдау тапқан ҚҰБ-ның шешімі сол уақытта қазақтың банк жүйесінде «күрішті күрмектен тазартуға» әкелді. Еске сала кетейік, Ресей бұл мәселені қысқа мерзімде заңнамалық тұрғыдан шеше алмағандықтан, міне 10 жылдан асты біртіндеп шешіп келеді.
Қазақстаның мемлекеттік монополистер тарифін көтеруге тыйым салу шешімі де, біздіңше, сараланған әрі негізделген. Бұл шешім бірінші кезекте қазақ тауар өндірушілеріне бәсекелік басымдық жасауға, сондай-ақ тұтыну инфляция өсімін шектеуге бағытталған. Бұл мәселеде де Ресей Үкіметі басқа жол таңдағаны есте. Ресейден айырмашылығы ? экспорттық себеттегі тауарлар коээфициентінің салмағы жағынан да, география жағынан да Қазақстанның экспорттық құрылымы мүлде басқаша болды. Қазақстанның сыртқы саудасы мейлінше әртараптандырылған және шикізатқа әлемдік бағаның құлдырау тәуекеліне тәуелділігі барынша төмен. Егер Ресейдің шикізаттық ресурстар экспортының негізгі үлесі географиялық жағынан Еуропаға байланған болса,
Қазақстан экспортының айтарлықтай үлесі Азияның оңтүстік-шығыс елдеріне тиесілі. Және де Қытай мен өзге де азиялық экономикалардан шикізатқа сұраныстың өсуіне байланысты Қазақстанның экономикасы тек ақша эквивалентінде ғана емес, натуралдық мәнде де өсті. Дағдарысты да Қазақстан дайындықпен қарсы алды» дей келе, Қазақстан Ресейге қарағанда, алтын-валюта қорының айтарлықтай шығындалуына жол бермеді, әрі дағдарыстың салдары да экономикасына аса қатты тиген жоқ деген тұжырым жасайды. Осы жағдайға байланысты Trend Capital Әзірбайжанның Қазақстандағы Елшісі Л. Гандиловтың пікірін береді. «Нарық ұлттық валютаны тек әкімшілік тетіктер арқылы қолдауды қабылдай алмайды. Сондықтан, Ұлттық банктің әрекеті, меніңше, дұрыс. Уақыт өте келе бәрі орнына келеді. Баға да нақты шығынды көрсетіп, ол қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігіне жақсы алғышарт болады» деп атап көрсеткен Елші біздің ел дағдарысқа қарсы бағдарламада классикалық әдісті қолданғанын айтады.