14:10, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақстанның консулы О.Мұстафин Жиддада Сауд Арабстаны Сыртқы істер министрлігі өкілдігінің бас директоры М.Таибпен кездесті
АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат – Жиддада қаңтардың 17-сінде Қазақстанның Жиддадағы жаңадан сайланған консулы Омар Мұстафиннің Сауд Арабстаны Сыртқы істер министрлігінің Мекке Провинциясындағы өкілдігінің бас директоры, елші Мұхаммед Таибпен кездесуі өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қазақстан консулдығының ашылуымен құттықтаған Саудия дипломаты, консулға екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты дамыту және әрі қарай тереңдету істеріне табыстар тіледі. Омар Мұстафин, Консулдықтың басым міндеттері қажылыққа келуші қазақстандық азаматтарға қолдау көрсету, сондай-ақ инвестициялық және сауда-экономикалық өзара іс-қимылдарды дамыту болып табылатынын атап көрсетті. Аталған міндеттермен қоса, Консулдық штаб-пәтері Жиддада орналасқан Ислам конференциясы ұйымымен ынтымақтастықты кеңейтуге және әрі қарай дамытуға белсенді атсалысатын болады. Қазақстанның 2010 жылы осынау халықаралық ұйымға төрағалық ететінін ескерсек, бұл міндеттің өзектілігі аса зор болғалы отыр. Әңгіме барысында дипломаттар сондай-ақ, Хижазда 1928-1932 жылдары бас консул болған, 1932-136 жылдары КСРО-ның Сауд Арабстанындағы тұрақты өкілі, кеңес елінің Саудиядағы алғашқы өкілі болған қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұловтың есімін мәңгі есте сақтау мәселесін талқылады. Саудия Арабстаны корольдігінің негізін қалаушы Король Әбдел Әзизбен достық қарым-қатынаста болған Нәзір Төреқұловтың тарихи очерктері бүгінде екі елдің де саясаттанушылары үшін ерекше құндылыққа ие. М.Таиб бірлесе отырып, Н.Төреқұловтың мұраларына арналған ғылыми симпозиум және басқа да іс-шаралар өткізуді ұсынды.