ҚАЗАҚСТАННЫҢ КӨРІКТІ ЖЕРЛЕРІ: Наурызым қорығы

1931 жылы ұйымдастырылған (320 мың га) бұл мемлекеттік қорық Қостанай облысының Наурызым және Әулиекөл аудандарында орналасқан.
Қорық 1966 жылы ауданы ықшамдалып (87,7 мың га) қайта құрылды. Оған Тірсек (көлемі 4,7 мың га), Сыпсың (көлемі 7 мың га) және Наурызым (көлемі 37,2 мың га) орман алқаптары мен Жаркөл, Ақсуат, Сарымойын көлдері енеді. Олардың үлесіне бетегелі-жусанды 5 мың гектар тың жазық дала кіреді. Қорық орналасқан аумақтың климаты континенттік; қысы - суық, ызғарлы; жазы - ыстық. Жылдық жауын-шашын мөлшері 200 - 250 мм. Топырағы құмайтты. Мұнда жоғары сатыдағы өсімдіктердің 700-ге жуық түрі (қарағай, қайың, көктерек, тобылғы, тал, мойыл, қырыққұлақ, т.б.) өседі. Қорық жан-жануарлар дүниесіне де бай: сүтқоректілердің 40-тан астам, құстардың 250-дей, қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың 3 және балықтардың 10-ға жуық түрлері тіршілік етеді. Сондай-ақ, ор қоян, елік, борсық, түлкі, суыр, т.б. мекендейді. Қорықтан аққу, безгелдек, дуадақ, ақ сұңқар, тарғақ сияқты саны жылдан жылға азайып бара жатқан құстарды кездестіруге болады. Бұл аймақта су көздерінің мол болуы көктемде жыл құстарының ұшып келуіне, ұя салуына мүмкіндік береді.
Наурызым қорығы - республиканың солтүстiгiнiң басты және бiртума табиғи кереметтерiнiң бiрi. Қарағай ормандардың ғажайып сұлулығы еліктіреді, бірде күн шуағымен күмістей жылтыраған ағаштар, бірде оларды күңгірт басып алакөлеңкеге айналады. Тұмса жайлауды көктемде көкжиекке дейін таңғажайып гүлденген кілем басады, ал мамыр айында оның бетінде Шренк лалагүлдері пайда болады. Сонадайдан меруерттей үлкен және шағын айнакөлдер толқынданып, күмістей жарқырайды. Ғалымдар тілімен айтқанда: жайлаулы Қазақстанның табиғат кешендерінің эталоны. Немесе: орман, жайлау және су-батпақ ландшафтарының бірегей үйлесімі.
Наурызым қорығының эмблемасы - аққу. Алайда қорықтың символы бүркіт те бола алар еді - мұнда олардың 30 жұбы мекен етеді. Қорықтың ең әсем аңдары, Наурызым орманының көркі - еліктер. Аумақтың қарағайлы ормандарын ескіден қалған деп санауға болады, себебі олар үшінші немесе төртінші кезеңнің басынан бастап аз өзгерген қалпында қалған. Ерекше түрі қырғыз аққайыңдары - Солтүстік Қазақстан эндемикі. Ол территорияның шағын ғана бөлігінде өсіп, әлемнің ешбір жерінде кездеспейді.
Қорықтың бірегейлігі - оның су-батпақты жерлері құстардың ең мықты миграциялық маршруттарында орналасқандығы және көші-қон құстардың патшалығы болып табылатындығы. Жүздеген мың арктика қаздары, үйректері, тырналары, балшықшылары және өзге де құстар көктемде және әсіресе күзде көлге ұшып келеді. Олардың арасында көптеген жайылып бара жатқан түрлері бар.
Міне осыған орай, тоғыз жыл бойы жыртқыш құстар бойынша маман, орнитолог Тодд Катцнер келеді. Тодд Питсбургте, Пенсильвания штаты, АҚШ-та өмір сүреді, танымал орнитологиялық орталық AVIARY бағдарламасының директоры болып жұмыс істейді, көптеген мемлекеттерде болды және Наурызымда жыртқыш құстардың тығыздығы әлемдегі ең жоғары екендігіне сенімді. Тодд бүркіттерді зерттейді, барлық ұяларын бес саусағындай біледі, әрбір құспен жеке таныс секілді, қорықтың өз адамына айналды. Өз зерттеулерінің нәтижелерін, бүркіт фотосуреттерін ғылыми журналдарда жариялайды және Қостанайға ұшып келу үшін маусымның басталуын асыға күтеді..
Жалпы Наурызым қорығы - тұрақты зерттеулер жүргізіліп келе жатқан өңірдің бірі. Көптеген жылдар бойы ол ММУ ғалымдары мен студенттерінің дала базасының қызметін атқарған еді, мұнда орнитология мен экология саласының классикалық жұмыстары жүргізілді. Наурызым қорығы А.Н. Формозов, А.Г. Воронов, A.M. Чельцов-Бебутов, И.А. Крупеников және т.б. сияқты ірі ғалымдар атымен тығыз байланысты.
Наурызым қорығы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілген. Шетел ғалымдары қорықтың бірегей табиғатын зерттеуге үлкен қызығушылық танытып отыр.
Қорғалжын мен Наурызым табиғи қорықтарын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу туралы шешім Ұйымның 2008 жылы шілденің 7-інде Квебекте өткен 32-ші сессиясы барысында қабылданған болатын. Қорық аумағы биоалуан түрлілікті сақтау жөніндегі бірқатар халықаралық жобаларға қосылған. Бұл бағыттағы жұмыстар қорықтың штаттағы қызметкерлері тарапынан да, халықаралық ұйымдар және институттар мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің экспедициялары тарапынан да тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Сондай-ақ Қостанай қаласындағы жоғары оқу орындары студенттерінің дала жұмыстары тәжірибесінен өтуі үшін де кеңінен қолданылады. Наурызым мемлекеттік табиғи қорығы базасында экологиялық үйірме жұмыс істейді. Оған аудан орталығындағы екі мектептің оқушылары тұрақты қатысып, өздері туып-өскен өңірдегі флора мен фаунаны зерттеумен шұғылданады. Қорықта «Табиғат мұражайы» жұмыс істейді.
Наурызым тағдыры оңай болған жоқ: 1951 жылы қорық қатардағы орман шаруашылығына айналып, ондағы ағаштар аяусыз кесіле бастады. Сонан соң ол қорықтық-аңшылық шаруашылығы болып, жан-жануарлар өміріне қауіп төнді. Қорық табиғи орманды жалмап өткен үлкен өртті де, жоғарыдан түсірілген шөп шабу жоспарларын да, жиырма жылға созылған қарағайлардың өнеркәсіп мақсатына қолдан отырғызу науқандарын да басынан өткерді. Соның салдарынан табиғи орман өскен алқаптар көлемі мүлде азайып қалды.
Онан соң қорық аумағын химиялық өңдеу жұмыстарына тыйым салынды, бұл жерде бұрынғыдай аудандық атқару комитетінің тапсырмасы бойынша шөп шабу тоқтатылды, браконьерлермен күрес басталды. «Науырзым» атты қоғамдық-экологиялық бірлестік құрылып, оның атынан хаттар жазылып, басшылар алдында проблемалық мәселелер қойылды, атап айтқанда, қорық аумағын кеңейту талап етілді. Соның арқасында 2004 жылы үкіметтің Науырзым қорығын 103 мың гектарға кеңейту туралы қаулысы қабылданды. Қаржыландыру жұмыстары жақсарды, күзет күшейтілді, ғылыми жұмыстар жүргізіледі.
Мұндай табиғи кешен көптеген шетелдік мамандар қызығушылығын тудырады. Сондықтан халықаралық байланыстар аясы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Олар мына сұлулыққа сүйсініп қана қоймай, жұмыс істеуге де келіп жатады. Олар үшін семинарлар өткізіледі, гранттар жеңіп алу үшін белсенді жұмыстар жүргізілуде. Австрия телевизиясынан шығармашылық топ келіп, Қазақстан туралы фильм де түсірген, сонда олар Науырзымнан ғана классикалық қорықтың далалық үлгісін тапты.
Қостанай педагогикалық институтының профессоры, биология ғылымының докторы Т.М.Брагина - Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWҒ) ұлттық үйлестірушісі және аймақтық сарапшы-өкілі. Жұбайымен бірге ол өздері түсірген суреттермен әсем безендірілген бірнеше мазмұнды да қызықты кітаптар жазып шықты. Олардың арасында «Солтүстік Қазақстанның аса маңызды сулы-батпақты жерлері», «Науырзым қорығының жануарлар әлемі» деген кітаптар бар.
Қорыққа толық сипаттама беретін бірнеше деректер келтіре кетелік. Онда өсімдіктің 687 түрі өседі, ал бұл - далалық аймақтық орташа көрсеткішінен үш есе көп. Қорықтың ең ірі орманды алқабы - 16 мың гектар жерді алып жатқан Науырзым орманында - қарағайлар дала сілемдерімен, көптеген сорлармен, қайың және көктерек тоғайларымен араласып жатыр. Бұлт басқан қайың орманы арасында қырыққұлақ өседі. Енді жануарлар әлеміне келейік. Қорық аумағында омыртқалы жануарлардың 342 түрі тіркелген. Аңдардың 44 түрі, құстардың 282 түрі, бауырымен жорғалағыштар және қос мекенділердің әрқайсысының үш түрінен және балықтардың 10 түрі мекендейді. Бұл жерде құйтақандай тиін - телеутка мен еңгезердей бүғыларды да кездестіруге болады.
Қорықта жыртқыш құстардың бірегей қауымдастығы - 26 түрі мекендейді. Олардың 16 түрі осы жерде ұя салып, балапандарын қанаттандырады. Негізінен олар - бүркіттер, қарақұстар, ителгілер, ақ құйрықты ақиықтар, дала қырандары мен құладындар
Қорық директорының орынбасары Мария Александровна Зейнелова да осы жерде жиырма жыл еңбек етеді. Және әр жаз сайын ол балалар экология мектебі жетекшісінің қиын да өте мазасыз міндетін өз мойнына алады. Қостанай өңірінің 45 баласы жаз шығысымен қорық аумағында шатырлы лагерлерде тұрады, өздері таңдаған тақырыптар бойынша өсімдіктерді, жануарлар мен құстарды зерттейді, маусым соңында өз жұмыстарын қорғап, арнайы куәліктер алады. Олардың көпшілігі табиғатпен осындай тығыз байланысты тек өмір бойына есіне сақтап қана қоймайды, есейген соң жоғары оқу орындарының биология және экология факультеттеріне түседі. Демек, қорықты қорғаушылардың жаңа ұрпағы өсіп келеді.
Ауданға атын берген Қазақстан даласының ең солтүстік орманының сұлулығын сөзбен айтып жеткізу қиын, бұл жерде орманды алқап айдынды көлдермен араласа орналасқан. Облыс төлтаңбасында лайықты орын алған Шренка қызғалдағы гүл жарған кездегі даланың сұлулығы көздің жауын алады.
Наурызым мемлекеттік табиғи қорығы Орталық Азияда бірінші болып ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік табиғи мұра мәртебесін алған Қазақстандағы қос қорықтың бірі. Қорықтар бір географиялық аймақта және суда жүзетін құстардың көшу жолында жатқандықтан «Сарыарқа - Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері» атты жалпы атаумен бір аталымға біріктірілген. Нысандарға берілген мәртебе аталған табиғат кешендерінің тұтастығы мен сақталуына қосымша кепілдіктер береді, аумақтың беделін арттырады және нысандарды ұстауға қажетті қаржы құралдарын тартуға, соның ішінде Бүкіләлемдік мұралар қорынан қаржы бөлінуіне ықпал етеді.
Денсаулығына ақау түскен жандарға көбінесе Қазақстан шекарасын аспай-ақ өз елімізде де шипа табуға болатыны туралы көп айтылып жүр. Осындай жанға шипа, дертке дауа аймақтардың бірі - Тобыл өңірі. Тұмса табиғатымен қоса, тарихи-мәдени орындары да баршылық. Тек осы артықшылықтарды жарнамалау жағы жетіспей жатыр. Бұл - әлемге әйгілі Науырзым қорығы. Ақын тілімен айтсақ, ұшқан құс, жүгірген аң мекені. Көне қорық аумағында өсімдіктің 700-ге жуық түрі бар. Бүркіт, ақсұңқар, қарақұс, дала қырандары сияқты жыртқыш құстардың топтасқан, тығыз орналасқан жері де осы - Науырзым. Бірегей табиғи кешен - зерттеуші ғалымдар үшін таптырмас құнды қазына.
«Мұнда экологиялық туризмді дамытудың болашағы зор. Өткен жылғы бес айдың ішінде бізге 600-ге жуық адам келді. Жақында Оризон университетінің, Венгрия ұлттық паркінің ғалымдары болып қайтты. Жол бойына қонақ күтетін 3 үй салдық. Табиғат аясына күндік сапар бағасы қымбат емес, бір адамға 700-ақ теңге. Жол бойында дәмхана, демалыс орны ұйымдастырылған. Алайда бұл жаққа саяхат шегушілер сирек. Басты себебі, осынау өлкенің тума табиғатын қызықтап, саф ауасын тыныстап қайтуға болатындығын бұқара халық біле бермейді, насихат жетіспейді. Ал Қостанай облысының тағы бір інжу-маржаны «Сосновый бор» шипажайына керісінше келушілер көп», - дейді «Науырзым» мемлекеттік табиғи қорығы директорының орынбасары Мария Зейнелова.
Десек те, ішкі туризм Қостанайда әлі қалыптаса қойған жоқ. Мысалы облыста 117 туристік фирма бар болса, соның барлығы дерлік тек шетелдік саяхатты ұсынады. Мамандардың айтуынша, ішкі туризмді дамытуға облыста мүмкіндік көп. Оған бірінші кезекте қаржы, инфрақұрылымды дамыту керек. Сондай-ақ өзіміз барымызды бағалай білуге үйренуіміз керек. Ресми мәліметке сүйенсек, өңірде биыл көрсетілген туристік қызмет өткен жылға қарағанда 6 пайызға өскен. Бірақ бұл саланың әлі ашылмаған тұстары көп.
Наурызым қорығы - үнемі зерттеулер жүргізіліп келе жтқан аймақтардың бірі. Болашақта Наурызым қорығында бірыңғай биосфера аумағын ұйымдастырып, оның ғылыми-экологиялық маңызын арттыра түсудің пәрменді шараларын қолға алу қажет-ақ.