Қазақстанның көрнекті қоғам қайраткері, кезінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жанындағы Мемлекеттік ақпарат агенттігін (ҚазТАГ) басқарған Жұмағали Ысмағұлов дүниеден озды

АТЫ. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін, 14 қаңтар күні Алматыда ұзаққа созылған ауыр науқастан 83 жасқа қараған шағында белгілі журналист, жазушы-публицист, аудармашы, әдебиетші-ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның көрнекті қоғам қайраткері, кезінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жанындағы Мемлекеттік ақпарат агенттігін (ҚазТАГ) басқарған Жұмағали Ысмағұлов қайтыс болды.
None
None

Қазақ ақпарат агенттігінің ұжымы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады.

Жұмағали Ысмағұлов 1928 жылы 17 сәуірде Қостанай облысының Сарыкөл ауданындағы Соналы ауылында туған. Орта мектептің 8 класын бітіргеннен кейін, 1942 жылы алғашында Әулиекөлдегі аудандық газет баспаханасында әріп теруші, сосын аудандық газет редакциясында жауапты хатшы болып істеген. 1951 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 3-курс студенті кезінде-ақ "Коммунист" (қазіргі "Ақиқат") журналында партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі болып істеді, көп ұзамай оның жауапты хатшысы және редакция алқасының мүшесі болды. 1952-1987 жж. "Үгітші блокноты" ("Блокнот агитатора") журналының жауапты редакторы, Қазақстан КП Орталық Комитетінде нұсқаушы, республикалық "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы, Алматы облыстық "Жетісу", Шығыс Қазақстан облыстық "Коммунизм туы" газеттерінің редакцияларында жауапты қызметкер, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтында аударма секторының меңгерушісі, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік ақпарат агенттігі (ҚазТАГ) директорының орынбасары, директоры болған. 1985 жылы он бірінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, ал 1986 жылы Қазақстан Компартиясының XVI съезінде Орталық Комитеті мүшелігіне кандидат болып сайланды.

1987 жылдан бастап М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкері болып істеген. 1994 жылы "Абай: ақындық тағылымы" ("Ғылым") атты монографиясы жарық көрді. 1995 жылы "Абай поэзиясындағы өмір шындығын бейнелеудің реалистік принциптері" деген проблема бойынша докторлық диссертация қорғады. Абайдың шығармашылық мұрасын бастыру және зерттеу жөніндегі жұмыстары үшін Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болды. 1996 жылы Қазақстан Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі болып сайланды. Кейінгі кезде М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында Абайтану бөлімінің меңгерушісі болып істеген.

1991-1996 жылдары қоғамдық негізде Жазушылар одағы басқармасының жанындағы Көркем аударма қауымдастығы президентінің міндетін атқарды.

Ұзақ жылдар бойы баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларының біразы "Маржан мен махаббат" (1965), "Адам мейірі" (1968) атты жинақтарына енгізілді.

Бальзактың "Үзілген үміттер", Стендальдың "Қызыл мен қара", Ю. Бондаревтің "Жағалау" және "Таңдау", В. Анчишкиннің "Арктика аңызы" романдарын, В. Дальдың "Бекей мен Мәулен", Э. Казакевичтің "Көк дәптер" повестерін тәржімалаған.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1992). Халықтар Достығы және "Құрмет Белгісі" ордендерімен және медальдармен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар