ҚАЗАҚСТАННЫҢ КӨРНЕКТІ ЖЕРЛЕРІ: Еуразия кеңістігіндегі «құс базары» жөнінде не білеміз? (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлан-байтақ қазақ жерінде табиғат-шебер жомарттықпен бере салған таулы-орманды, шың-құзды, сулы да нулы өлкелер мол. Қарасаң көз тоймайтын осынау кестелі көркем табиғат аясы экологиялық туризмнің бірегей ошақтары етуге сұранып-ақ тұр.
None
None

ҚазАқпарат «Қазақстанның көрнекті жерлері» айдарымен жаңа жобасын бастағалы отыр. Бүгінгі әңгімеміздің тақырыбы - сондай елеулі өңірлердің бірі - «Қорғалжын» мемлекеттік табиғи қорығы. Қасиетті тұмса табиғаттың жайнаған жасыл өлкесі, Сарыарқа төсіндегі далалы жазықтықтың алтын алқасы тәрізді Қорғалжын-Теңіз көлдері алабы Астана қаласынан 150 шақырым жерде орналасқан.

Деректерге жүгінсек, 1957 жылдың наурыз айында Қорғалжын және Теңiз көлдерi аңшылық қорық болып жарияланған екен. Ал, 1958 жылы Көң өзенiнiң оң жақ жағалауы мен Қорғалжын көлiнiң оңтүстiк жағалауында аумағы 15 мың гектар Қорғалжын тың өлкелiк қорығы құрылды. 1968 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң қаулысымен жалпы аумағы 177, 200 гектар (оның iшiнде 147,600 гектары көлдер) Қорғалжын мемлекеттiк қорығы құрылды.

Қорғалжын табиғи қорығы Қазақстандағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтың ең үлкені болып саналады. Оның көлемі бүгінде 543 171 гектар аумақты алып жатыр. Ақмола облысының Қорғалжын, Егіндікөл аудандары мен Қарағанды облысының Нұра аудандарын қамтыған қорықтың негізгі мақтанышы Қорғалжын-Теңіз көлдері жүйесі.

Аталмыш табиғат қорғау аумағының басты ерекшелігі - құстардың жаһандық миграция бағытының түйіскен жерінде орналасуы.

Бұл Қазақстандағы және бүкіл еуразия құрлығындағы жыл құстарының маңызды сулы-батпақты жері болып табылады.

БҰҰ-ның даму бағдарламасы қорықтың биологиялық әртүрлілігі бірегей екенін атап көрсеткен. Ол флораның 374 түрі мен су және құрғақ жануарларының 1400 түрін қамтиды. Қорықта сулы-батпақты жерлерде тіршілік ететін құстардың 333 түрі бар, ол Қазақстандағы белгілі 130 түрдің 87 пайызын құрайды.

Қорық аумағында Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен өсімдіктердің 60 түрі бар, деп саналады. Тіркеу мәліметтеріне сүйенсек, қорықтың көлдерінде әлемдегі бұйра бірқазанның 20 пайызы және тағы бір сирек кездесетін түр - ақбас үйректің 10 - 20 пайызы шоғырланған. Сондықтан 1974 жылы -Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесі Рамсар конвенциясына сәйкес, әлемдік маңыздағы сулы-батпақты жерлер қатарына жатқызылған. 2000 жылы Теңіз көлі әлемнің нағыз бірегей көлдері кіретін "Тірі көлдер" халықаралық желісіне қосылды. 2007 жылы аталмыш табиғат қорғау аумағының қорықтық көлдері "Әлемнің басты орнитологиялық аумақтары" тізіміне қосылған.

Қорық Жаһандық экологиялық қор жобасының, БҰҰ мен Қазақстан Республикасы үкіметінің сулы-батпақты жерлерді сақтау жөніндегі даму бағдарламаларының қамқорлығындағы жерлердің бірі болып табылады. Аталмыш жоба аясында 2004-2005 жылдары мұнда ауқымды гидрологиялық, геоботаникалық, флоралық және фауналық зерттеулер жүргізілген. Оған Қазақстан Республикасының жетекші ғылыми мекемелерінің мамандары мен қорық қызметкерлері қатысқан. Аталмыш зерттеулер нәтижесінде "Қазақстандағы жаһандық маңызы бар сулы-батпақты жерлер" атты монографиялар сериясы жарияланды. Енді бұл Қорық шекарасына халықаралық үлгідегі арнайы белгі орнатылды. Осыдан бастап бұл аймақ ерекше қорғауға алынады. Қорғалжын аймағында тұзды және жұмсақ 76 көл бар. Жер бедері Теңіз көліне қарай аласара беретін - жазықтық. Теңіз деңгейінен абсолютті биіктігі 304 - 426 м. 20 ғ-дың басында бұл жерлерде 130 шақты көлдер болды. Бірақ қарқынды жүрген шаруашылық іс-әрекеттердің салдарынан, қазір 60-тай көл қалды. Оның ішінде Сұлтанкелді, Есей, Қоқай, Асаубұлақ тұщы көлдер, ал Теңіз, т.б. ащы көлдер қатарына жатады. Қорық орналасқан аумақта қыста ауаның температурасы - 41 - 42 граудс суық болса, шілдеде температура 38 - 39 градусқа дейін ысиды. 125 - 130 күндей аязсыз жайма шуақ болады. Жылына 200 - 350 мм шамасында жауын-шашын түседі. Мұнда ұшып келетін құстардың 20-ға жуық түрі сирек кездесетін және жоғалып бара жатқандар. Отандық және шет елдік орнитологтар бұл орындарды құстардың мекендеуіне аса қажет деп отыр. Жалпы аумағы екі жарым мың шаршы метрді құрайтын Қорғалжын қорығында құстың жүзден астам түрі мекендеп ұялайды.

Қорықта жоғары сатыдағы өсімдіктердің 418 түрі, атап айтқанда, жусан, көкпек, боз селеу, тобылғы, бидайық, бозшөп, т.б. өседі. Әсіресе, суда өсетін өсімдіктердің 22 түрі мұндағы көлдерге ерекше әсемдік береді. Қорық аумағында қорғауды қажет ететін, сирек кездесетін және эндемик өсімдіктердің 45 түрі белгілі. Қорық жан-жануарлар дүниесіне бай. Мұнда сүтқоректілердің 41 (оның 8-і қорғауға алынған) түрі, құстардың 321 (оның 39-ы қорғауға алынған), бауырымен жорғалаушылардың 5, қосмекенділердің 2, балықтардың 14 түрі тіршілік етеді. Қорғалжын көлінде 32 мыңдай қасқалдақ, 10 - 12 мыңдай үйрек, аққу, қаз, т.б. құс түрлері ұя салады. Қорықтан ақ құтан, қызыл жемсаулы қарашақаз, тұрпан, қара дегелек, бірқазан сияқты саны жылдан жылға азайып бара жатқан құстарды кездестіруге болады. Мұнда ұя салатын қанаттылардан гөрі мамырлауға келген құстар саны бірнеше есе көп болғандықтан қорықты «Құс базары» деп те атайды. Құс келу және қайту маусымында мұнда 15 миллионға дейін құстар болады. Қорықта дүние жүзінде өте сирек кездесетін - қызғылт қоқиқаз бар. Ол Қазақстан жерінде тек Теңіз көлінде ғана ұя салып, жұмыртқа басады. Түсі қызғылт қанатты қоқиқаздар топталып аспанға көтерілген кезде бүкіл көл айдыны қызыл алау өрттей лаулап, ерекше шұғылаға бөленеді. Сондықтан оны кейде «Қызылқанат» деп те атайды. 1960 жылдары қорықта қоқиқаздың саны 45 - 60 мыңдай болса, 2000 жылдары 10 - 15 мыңдай ғана қалды.

Қоқиқаз қазір қорықтың басты бренді саналады. Олардың қорегі - артемия салина деп аталатын құрт. Артемия құрты тұзды көлде болады. Ал Теңіз көлінің ащылығы әлемдік мұхиттардың тұздылығынан 5-6 есе артық. Жылда мамыр айында осында келіп балапандайтын қоқиқаздар салқын түсе жылы жаққа кетеді. Қоқиқаздар өте сақ келеді. Қасына бармақ түгілі маңына да жақындау мүмкін емес. Қорғалжын қорығының беткеұстар мақтанышы болғандықтан, барлық келушілер жақын баруға тырысады. Теңіз көлі қоқиқаздың ұя басатын солтүстіктегі ең соңғы нүктесі болып табылады. Сол аса бір ерекшелігі. Дүниежүзі бойынша бұл құстардың саны аз. Жоғалуға шақ тұрған құстардың Қорғалжын қорығында мекен ететіндігі біз үшін ерекше жауапкершілік.

Әлемде қоныс аударатын құстардың 8 жолы бар. Олардың үшеуі осы қорықтағы Теңіз көлін басып өтеді. Жерорта теңізі арқылы ұшатын жол шығыс-батыс Африка және Орта Азияда Үндістан, Пәкістан, Иран арқылы өтеді.

Қорғалжын қорығының аумағы ерекше қорғалған. Бұл жерде браконьерлерге жол жоқ. Көлдердегі балық та беталды аулана бермейді. Білместіктен аумаққа кіріп кеткендер болмаса, осы аралықта заңсыз аң-құс атқан адам баласы болмаған.

Ауданы 543 мың гектардан астам жерді алып жатқан қорықты небәрі 30 қызметкер күзетеді. "500 мың гектар жерді тәулік бойы 30 инспектор қориды. Қосымша техника да, адам да қажет. Материалдық-техникалық базамыз көңіл көншітпейді", - дейді Қазақстанның биоалуандықты сақтау қоры дирекциясының мамандары. . Қорық қызметкерлері қызғалдақтарды қызғыштай қорып келеді. Қорықта шренк қызғалдағы, бәйшешек қызғалдағы, екі түсті қызғалдақ (сары қызғылт, ақ) көптеп кездеседі. Өкінішке орай, қорық аумағына келушілер қызғалдақтардың жайқала өсуіне көп кедергі жасайды. Тың жерлер жыртылған соң, қызғалдақтар өсетін аймақ та қысқарды. Мәселен, Ақмола облысында қызғалдақ азайып кеткен. Қорықта қызғалдақ пен фламингоны сақтап қалу үшін түрлі шаралар ұйымдастыру ойда бар. Жыл сайын мұнда «Фламинго фестивалі» өтеді. Сәуірден қыркүйекке дейін мұнда 25 мың фламинго ұшып келеді. Десе де, оны көру бақыты әркімге бұйыра бермейді екен. Өйткені, ұя салар мекенге барар жолмен өту өте қиын. Оның үстіне құсты суретке түсіріп, мазалай берсе, құстар ұшып кетіп, қайтып келмеуі де мүмкін Қорғалжын десек, есiмiзге ерiксiз «Ащыкөл-Тұщыкөлдiң арасы бiр» деп шырқалатын атақты «Дудар-ай» әнi түседi. Шындығында, сахара даланы кей-кейде сарқырап аққан су жарықтықтан тарықтырып қоятын Табиғат-Ананың осы тұсқа келгенде, торсығының аузы ағытылып-ақ кеткен секiлдi. Олай дейтiнiмiз, Қорғалжын төңiрегiнде iрiлi-ұсақты, ащылы-тұщылы 86 көл бар екен. Көл болғанда және атаулары қандай десеңiзшi! Жәнiбек шалқары, Керей шал­қары, Шағатай, Тоқтамыс, Сұл­тан­келдi, Саумалкөл, Асаубалық, Абылай алқымы, Ақтайлақ болып кете барады. Осыған қарап, бұл аймақтың табиғи қазынасынан тарихи қазынасы еш кем емес-ау деген де ойға қаласың. Теңiн шешсең-ақ, тереңiне тартып әкететiн қатпары мен құпиясы көп Қорғалжын тарихы - бұл да өз алдына үлкен бiр әңгiме.

Кезiнде киiк дегенiңiздiң көптiгi сондай, тiптi ауылдың қотанына кiрiп кететiн. Егiн­жайға түскен киiк табынын сыбызғы тартып, даңғырлақ қағып, әрең шығаратын едi. Ендi таусылып бiтуге айнал­ғасын, қорғауға алып жатыр. Дуадақ секiлдi дала құсының қазiр тек аты ғана қалды, бiржола құрып бiткен. Астана Арқаға қарай қоныс аударған соң, қызық iздеген «дөкейлердiң» саят жасап, сейiл құрып, төңiректейтiнi де осы аймақ болды.

Шетелдерде табиғи қорықтарға кiруге рұқсат етiлмейдi. Сондықтан арнайы визит-орталықтары ұйымдастырылған. Ондай орталықтарда қорықтағы жануарлар мен өсiмдiк­тер дүниесiнен ақпарат бере­тiн бiрнеше залдар дайындалып, аң мен құстардың, су жәндiктерiнiң, өсiмдiктердiң суреттерi қойылып, заманауи құралдармен жабдықталған. Тiптi аң мен құстың дыбыстары да жазылып алынған. Яғни, осы орталықты аралағанда, тура қорықта жүргендей әсер аласыз. Мұны экологиялық туризм дейдi. Халықаралық талап солай. Қазiр мұндай орталық осы жерде де жасалған. «Бірақ бiздегi жағдайды белгілі, келгендер мiндеттi түрде қорықтың өзiне апар деп әлек салады. Амалсыздан апаруға тура келедi. Бiрақ бiр келген турис­тер тобын апарып, қоқиқаздарды көрсетесiз делiк. Сосын екiншi топты апарасыз. Ал үшiншi топты апарғанда, қоқиқаздарды көре алмайсыз. Олар кiсiден үркiп, 50-60 шақырым әрiге кетiп қалады. Үнемi мазасын ала берсе, бiржола ауып кетуi де мүмкiн. Сондықтан келушiлердi осы тәртiпке үйре­туi­мiз керек болып тұр», - қорық мамандары.

Қызыл кiтапқа енген қоқиқаз (фламинго) Қазақстан бойынша бiзден басқа Каспий жағалауында, Қостанай облысындағы Наурызым қорығында, Батыс Қазақстанның кейбiр жерiнде кездеседi, бiрақ ол жақта ұя баспайды. Ұясын тек бiзде ғана басып, балапандарын осы жерде шығарады. Негiзiнен олар ащы сулы көлдердi мекендейдi. Ащы суларда қоқиқаздар қоректенетiн артемия салина деп аталатын шаянша бар. Бұл жәндiктердiң бойында қызыл ферменттер бар көрi­недi, ғалымдардың дәлелдеуiн­ше, қоқиқаздардың қауырсынының қызғылт болуы осыдан екен.

Көктем мен күзде Қорғалжынды құс басып кетедi. Кейде ұзын саны 15 миллионға дейiн жетедi. Себебi бiрi Африкаға, ендi бiрi Үндiстанға қа­рай кететiн дүниежүзiлiк екi құс жолы осы жердi басып өтедi. Әрине, бiрақ атуға ты­йым салынған. Оның, әсiресе, тiлi деликатес болып есепте­ледi. Францияда қоқиқаздың тiлi­нен жасалған ас мәзiрiнiң құны 600 доллар тұратын көрінеді.

БІР-ЕР ПІКІР

Қорғалжын көлдерiнiң құрамына кiретiн Есей, Сұлтанкелдi, Қақай, Асаубалық атты төрт үлкен көл. Одан әрi суы ащы атақты Теңiз көлi. Оның жеке аумағы 1599 шаршы шақырым. ТМД елдерiнiң арасында 12-орында тұр. Жалпы, осы көлдердiң барлығын сумен қоректендiретiн Нұра өзенi. Егер Нұраға қауiп төнсе, көлдер де құрыды дей берiңiз. Теңiзге құятын Нұрадан басқа Құланөтпес, Жақсы Көң, Жаман Көң секiлдi көктемде тасып, жаз ортасына таман жаяу өткел болып қалатын өзеншелер бар. Көк­темгi қар суымен ғана қоректе­нетiн Сау­малкөл секiлдi көлдер бар. Анау бiр құрғақшылық жылдары көлдердiң суы тартылып, жүдеп-ақ қалған болатын. Осы көлдерден бөлек Ақтайлақтың сорын атап айтуға болады. Бұның балшығы - емге дауа. Сонау кеңес уақы­тында мынау Красноярдағы шипажайға, «Целинэнергоның» шипажайына тасылып, ем үшiн пайдаланылатын. Қазiр де халық жаз айларында Ақтайлақтың басында шатыр құрып, тұзға түсiп жатады. Шiркiн, сол жерге электр жарығын тартып, баспана тұрғызып, емдеу орнын ашса, игiлiгi мол iс болар едi.

Тағы бір үлкен мәселе - Теңіз-Қорғалжын көлдерінің суы тартылып барады. Кейбір мүлдем кеуіп қалған көлдер де бар. Кейінгі кезде қыс кезінде көлде қар тоқтату арқылы су молайту әрекеттері жасалып жатыр. Дегенмен, бұл мәселені түбегейлі шеше алмайды. Кезінде жайылым мен шабындық үшін салынған бөгеттерді алып тастау арқылы ғана көлдердің суын молайтуға болады.

Тағы бір үлкен мәселе үкімет қаулысымен күзде белгілі бір уақытта аң аулау маусымы ашылады. Сол кезде көлдердің маңында аңшылар толып кетеді. Ал бұл маусымның қорықтағы құс қайту мерзімімен тұспа-тұс келетін жағдайлары болады. Сондықтан да аңшылық маусымының мерзімін де кейінге ысырып, құстардың жылы жақтарға қайтуына, жағдай жасап, мазасын алмауды ойластыру қажет. Әлемдегі ең ірі «құс базары» саналатын қорыққа бұл да өте-мөте қажет қамқорлық болса керек.

Қазірдің өзінде қорыққа жылына мыңдаған шетелдіктер келіп жүр. Қорықты экотуризм орталығына айналдыру үшін әлі де көп шаруалар атқаруға тура келеді. Оның ең бастысы - қажетті инфррақұрылымдарды жақсарту болуы тиіс. Одан түскен қаржы қорықты сауықтыру шараларына жұмсалса, қай жағынан да ұтар едік деген, ой келеді. Сайлау Абылаев Ескерту: мақаланы әзірлеуде баспасөз, интернет материалдары, ғылыми жұмыстар пайдаланылғанын еске саламыз.

Соңғы жаңалықтар