Қазақстанның көші-қон заңын бұзған 1700-ден астам шетелдік елден қуылды

Оның айтуынша, еліміздегі құқықтық тәртіпті қадағалау мақсатында 10 қаңтардан бастап 1 желтоқсанға дейін «Учаске» деп аталатын жоспарлы жедел алдын алу шаралары өткізілуде. Оның аясында жергілікті полиция қызметкерлері пәтерлер мен аулаларға тексеру жүргізіп жатыр.
«Қазанның 9-18 күндері аралығында 28 мыңнан астам құқық бұзушылық, оның ішінде отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас саласында 518, кішігірім бұзақылық бойынша 1,3 мыңнан астам факті тіркелді. Тұрақты және уақытша тұрғылықты жеріне тіркеуде тұру ережесін бұзғаны үшін 5 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 3778-і Қазақстан, ал 1647-сі шетелдік. Шетелдіктердің 701-і - Өзбекстан, 685-і - Қырғызстан, 71-і - Ресей, 27-сі - Тәжікстан және 163-і өзге мемлекеттердің азаматтары. Көші-қон заңнаманы бұзған 1713 шетелдік Қазақстан Республикасы аумағынан шығарылып, елде болу мерзімі қысқартылды», - деді Алмас Садубаев.