Қазақстанның Қытайдағы мәдениет күндері: Қазақстан әртістері Бейжіңде өнер көрсетті

Концерттік бағдарламаны Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі "Көңіл ашар" күйімен ашты.
Қазақтың дәстүрлі аспаптары мен ұлттық әуендерінің үйлесімділігі көрермендерді көшпенді дала халқының ежелгі әрі жұмбақ әлеміне жетеледі. Екі жарым сағат ішінде фольклорлық туындылар классикаға ауысып, "Астана балет" би ұжымының балериналары көрермендерді "Аққу", "Қарлығаш" және басқа да билерімен тәнті етті. Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Бекболат Тілеухан қытайлықтарға "Сарыарқа" мен "Ақтамбердінің толғауын" орындап берді.
Концерттік бағдарламаның соңында Бейжің Үлкен театрының көрермендері ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызының орындауындағы қазақ және қытай тілдеріндегі музыкалық туындыларды тыңдады.
Қытай музыканты қазақ домбырашылары триосының қытайдың "Таньтэ" деп аталатын әнін орындағанын ерекше атап өтті: "Залдағылардың бәрі Қытайдың өте танымал әні қазақтың ұлттық аспабында ойнағанына қатты таң қалды. Бұл шынымен де қытайлық көрермендерді ерекше тебірентті".
Бұған дейін ҚазАқпарат хабарлағандай, Қазақстанның Қытайдағы мәдениет күндері ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР-ға өткен жылы жасаған сапары барысында берілген тапсырмасын орындау мақсатында өтуде.