Қазақстанның негізгі пайдалы қазбалар қорының көлемі артты - Ж.Қасымбек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның негізгі пайдалы қазбалар қорының көлемі артты. Бұл туралы бүгін халықпен есептік кездесуін өткізген ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті.
None
None

«Соңғы бірнеше жылда геология мен жер қойнауын пайдалану саласында реформалар жүргізілуде. Бизнес үшін әкімшілік кедергілерді алып тастап, барлық процедураның ашық болуына жағдай жасалуда. Заңнамалық базаны жақсартудамыз. Мысалға, өткен жылы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңға өзгерістер енгізіліп, бизнес үшін әкімшілік кедергілер 60 пайызға азайды. Көптеген жүйелі мәселелер шешілді. Геологиялық ақпарат берудің мерзімі 240 күннен 1 күнге дейін қысқарды», - деді ол.

Министрдің айтуынша, жер қойнауын пайдалану құқын «Бірінші келген-бірінші алады» қағидасы бойынша беру басталды. Ілкі режімде Степногорск алтын рудасы аймағы шығарылды. Кейін біртіндеп кезең-кезеңімен Қазақстанның басқа да аз зерттелген аумақтарын қамтитын болады.

«Басымдыққа ие пайдалы қазбалар қорының көлемі артты. Алтын өсімі - 61 тонна, уран - 3,3 мың тонна; күміс - 8 мың тонна; мұнай өсімі - 83,4 млн тонна; мыс - 3 млн.  тонна; газ - 19 млрд текше метр; молибден - 33,5 мың тонна; конденсат - 3,7 млн тонна; темір рудасы - 1 млрд тоннаны құрады. Реформалардың арқасында инвесторлар геологиялық барлауға қаржы сала бастады», - деді Ж.Қасымбек.

Мәселен, оның айтуынша, британдық «Rio Tinto» компаниясы Қазақстандағы мыс кеніштеріне геологиялық барлау жұмыстарын бастады. Оңтүстік кореялық «KOREA RESOURCES CORPORATION» компаниясы Қарағанды облысының Дүйсембай учаскесінде полиметалл кенішін барлауды қаржыландыруды қолға алды. Австралиялық «Iluka Resources Limited» компаниясы Қостанай облысында титан мен цирконий іздеу бойынша аэрогеофизикалық зерттеуді жүзеге асырды. Бұл Қазақстанда жаңа бағыт болып табылады.

«Немістің инвестициялық «Ulmus Fund» жеке қоры Бесшоқы алаңында бағалы және түсті металдарды барлау жұмыстарын бастады.  Қазіргі уақытта «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс жобасын әзірлеу бойынша жұмыс жүріп жатыр. Құжат қабылданса, геологиялық барлаудың инвестициялық тартымдылығы артады деп күтілуде», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар