Қазақстанның Өңірлік даму министрлігінің делегациясы Түркияда болды

АСТАНА. 20 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстандық делегация индустриялық аймақтарды құру және пайдалану жөніндегі тәжірибені үйрену үшін Түркияда болды
None
None

Өңірлік даму министрлігінің, Шығыс Қазақстан облысындағы "Ертіс" Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" Ұлттық компаниясы" АҚ-ның, Ақтөбе, Павлодар және Қызылорда облыстары әкімдіктерінің өкілдерінен құралған қазақстандық делегация Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен Ыстамбұл және Анкара қалаларында кездесулер өткізіп, Түркияның ірі индустриялық аймақтарының жұмыстарымен танысты.

2011 жылы Мемлекет басшысы Қазақстанда қазақстандық және түрік инвесторларының қатысуымен бірлескен индустриялық аймақтар құру жөнінде нұсқау берген болатын. 2011 жылы Қазақстан мен Түркия үкіметтері арасында бірлескен индустриялық аймақтар құру туралы меморандумға қол қойылды, ал 2012 жылы Түрік Республикасының Премьер-Министрі Р.Т.Ердоғанның Қазақстанға сапары барысында аталған Меморандумды жүзеге асырудың іс-қимыл жоспары жасалды. Бірлескен индустриялық аймақтарды құру сондай-ақ бірлескен "Жаңа синергия" экономикалық бағдарламасының негізіне алынды. Түркияда индустриялық аймақтар салалық аумақтық өнеркәсіптік бірлестіктер түрінде құрылған, оларға өз қызметтерін белгілі бір аумақтарда жүзеге асыратын жүздеген шағын және орта бизнес кәсіпорындары кіреді. Бұл аумақтарда салық салуда, несиелеуде, энергия ресурстарының құнына арнайы жеңілдіктер және басқа да ынталандыру шаралары көзделген. Қазіргі кезде елде 253 индустриялық аймақтар жұмыс істейді.

Қазақстандық делегация Анкарада ТР индустрия, ғылым және технологиялар министрлігінде кездесулер өткізді, «ODTU» университеті жанындағы технопаркте және "Остим" және "Башкент" индустриялық аймақтарында болды, ал Ыстамбұлда Гебзе қаласының өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер қауымдастығы басшылығымен, "Гебзе" және "Икителли" индустриялық аймақтарының басшылықтарымен кездесулер өтті.

Түрік тарабы индустриялық аймақтарды құрудың негізгі идеясы бір аумақта шағын және орта бизнес кәсіпорындарын қуатты өнеркәсіптік кешендерге біріктіру, тұрғын үй алабындағы жұмыс істеп тұрған өндірістерді аулаққа шығару, оларды белгілі бір орындарға топтастыру екенінен хабардар етті. Мұндай саясат мемлекеттің бұл аймақтарды қажетті тазарту құрылғыларымен және зертханалармен қамтамасыз ету жолымен экологиялық проблемалардың алдын алып, оны дер кезде шешуіне, ал компанияларға қызметін толық дайын инфрақұрылыммен қолайлы жағдайда жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар компаниялардың бірлескен сатып алулар арқылы шикізат сатып алу шығындарын төмендетеді.

Қазақстандық делегация Анкарада Қазақстанның Түркиядағы елшісі Ж.Түймебаевпен кездесті. Қатысушылар қазақстан-түрік қатынастарының ағымдағы жағдайынан, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы бірлескен жобпларды жүзеге асыру, сондай-ақ индустриялық аймақтарды құруда және ілгері жылжытуда ТР тәжірибесі жөнінде хабардар болды.

Тұтастай алғанда, Түркияның бұл бағыттағы тәжірибесі ілгерішіл және оны Қазақстанда бірлескен индустриялық аймақ құруда пайдалану елге шетелдік инвестицияларды тартуға және халықтың жұмыспен қамтылуы деңгейін елеулі арттыруға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар