Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы консулдық есебіне тіркелушілер саны күрт өсті – СІМ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы консулдық бөлімінің есебіне тіркелуші отандастарымыздың саны күрт өсіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы консулдық есебіне тіркелушілер саны күрт өсті – СІМ

«Оңтүстік Кореядағы консулдық есепке тұрып жатқан қазақстандықтардың саны күрт өсіп келеді. Өйткені 1 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан – Сеул және Алматы – Сеул бағыттары бойынша тұрақты рейстердің саны аптасына 9-дан 3-ке дейін азайған болатын. Сондықтан ол жақтағы отандастарымыз келешекте шыға алмай қалмаймыз ба деп қорқып, өздерінің сонда жүргенін білдіріп жатыр. Біз ол жақта қанша отандасымыз барына, не істеп жатқанына есеп жүргізу үстіндеміз», - деді Айбек Смадияров ҚазАқпарат тілшісінің сұрағына жауап бере отырып.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілінің айтуынша, қазіргі таңда Оңтүстік Корея аумағында Қазақстанның 35 мыңға тарта азаматы жүр.

«Өткен аптада олардың 800-і консулдық есепте тұрса, бүгінгі күні есепке тіркелгендердің саны 1500-ге жетті. 35 мың қазақстандықтың шамамен 12 мыңы ол жақта заңсыз жүргендер», - деді ол.

Еске сала кетсек ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев кешегі Үкімет отырысында 1 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан – Сеул және Алматы – Сеул бағыттары бойынша тұрақты рейстердің саны аптасына 9-дан 3-ке дейін қысқарғанын мәлім еткен еді.

Ал Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Қытай мен Иран бағытындағы әуе рейстері тоқтатылғанымен, неліктен Оңтүстік Корея бағытында тек шектелгенін түсіндіріп берді.