Қазақстанның өте сауатты, денсаулығы мықты және мәдениетті азаматтарын дүниежүзі сыйлайтын болса екен деп армандаймын - Елбасы

АСТАНА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін, Астанадағы «Атамекен» Қазақстан картасы» - этно-мемориалдық кешенінде 11 сынып оқушылары мен аталмыш кешеннің патриоттар клубының мүшелерімен кездескен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, болашақ ұрпақ - жастар Қазақстанды әр уақытта басқа елдермен терезесі тең, бәсекеге қабілетті ететіндігіне үміттенетінін және Қазақстанның сауатты да мәдениетті, денсаулықтары мықты жастарын дүниежүзі сыйлайтын болса екен деп армандайтынын айтты.
None
None

«Менің және менімен жүрген азаматтардың, баршамыздың бүгінгі істеп жатқан шаруаларымыз сендердің болашақтарың үшін», - деп атап өтті Елбасы жастарға қаратып айтқан сөзінде.

«Болашақ бағдарламасын жақсы білесіздер. Тек қана Астанада 80 мектеп жұмыс істейді. Оның үштен екісі Астана құрылғалы салынды. Оның 30 мектебі - қазақша, сондай-ақ аралас, орыс тілді, жекеменшік және қазақ-түрік лицейлері бар. Онымен бірге, халықаралық деңгейдегі үлкен университет салдық (ред. - Назарбаев университеті), биыл ол алғашқы түлектерін қабылдады. Соған түсуге сендер ұмтылуларың керек. Себебі оған түскеннен кейін шет елге барудың ешқандай қажеті жоқ», - деді Н.Назарбаев.

Президент Астанада бой көтерген аталмыш заманауи университет екі елдің дипломын алуға мүмкін беретінін және бүгінгі күні Қазақстан бойынша салынып жатқан 20 интеллектуалдық мектепке ең қабілетті дегендер іріктеп алынып, оқытылатынын қадап айтты.

«Әр адамның қабілеті әртүрлі болады. Әркім өзінің жолымен жүріп, өз-өзін табуы тиіс. Сондықтан менің бар үмітіп, болашақ арманым, сендер Қазақстанды әр уақытта басқа елдермен терезесі тең, бәсекеден қалмайтын етіп, Қазақстанның өте сауатты, денсаулығы мықты және мәдениетті азаматтарын дүниежүзі сыйлайтын болса екен деп армандаймын», - деп түйіндеді сөзін Елбасы.

Соңғы жаңалықтар