Қазақстанның полиция қызметкерлері мобильдік алкотестерлерді пайдаланады

АСТАНА. 12 қараша. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ полиция қызметкерлеріне мобильдік алкотестерлерді пайдалануды жүктемек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтты.

Қазақстанның полиция қызметкерлері мобильдік алкотестерлерді пайдаланады
«Бұл шаралар қызмет ету орнынан алыстамай көлікті мас күйінде басқарған жүргізушілерді жедел анықтауға мүмкіндік береді және осындай мас жүргізулерді куәландыруға жұмсаған уақытты айтарлықтай төмендетеді. Осыған орай құқықтық негіз бар», - деді министр. Бұл тұрғыда ведомство басшысы жергілікті жерлерде бұл алкотестерлерді алу үшін әкімдердің полицияға жәрдемдесуін сұрады. Естеңізге сала кетейік, 11 қазанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар министрліктер мен ведомстволардың ғана емес, сонымен қатар жалпы Үкіметтің де жұмысын қатаң сынға алды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа жолда адам өліміне себеп болған көлік жүргізушілерін жазалауды қатайту туралы тапсырма берді. «Біз жүрек-қан тамырлары аурулары салдарынан ажал құшқандар саны бойынша бірінші орында, ЖКО салдарынан мерт болғандар санынан екінші орындамыз. Өткен жылы жолдарда 2 145 адам қаза тапты. Биылғы тоғыз ай ішінде 2 273 адам қаза тауып, 22 мың адам жарымжан болып қалған. Демек талапты күшейту қажет. Рульге мас күйінде отырған жүргізушіні мен бұны қасақана жасап отырған қылмыскер деп білем. Оны заңның барлық қатаң талаптары бойынша жазалау керек немесе бұған қатысты заңдарды күшейту керек», - деп жалғастырды Президент ІІМ басшысына Қауіпсіздік кеңесімен бірге осы мәселені қарастыруды тапсырып.