18:00, 23 Маусым 2016 | GMT +5
Қазақстанның Премьер-Министрі жұмыс сапарымен Алматы облысына барды (ФОТО)
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов пен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов облыс орталығында салынып жатқан Оңтүстік-Батыс тұрғын үй алабына барды. Онда құрылысы аяқталған жалпы аумағы 16,9 мың шаршы метр болатын 240 пәтерлі 4 тұрғын үй мен 706 пәтерлі 5 коммуналдық үйді көрді.

Премьер-министрге аталған тұрғын үй алабы бойынша 394 га аумақтағы 8,9,10-шы шағын ауданға ұзындығы 26,5 шақырым сумен қамту және кәріздік магистраль желісін жүргізу жұмыстары аяқталып жатқаны айтылды.
Айта кетейік, Оңтүстік-Батыс тұрғын үй алабының 8 және 9-шы шағын аудандарында электр энергиясымен жабдықтау, телефонизация және жылумен қамту магистральді желілерін жүргізу жоспарланған.
Сонымен қатар, жаңа тұрғын үй алабында әр бірі 280-320 орынға шақталған 9 балабақша, 1200 орындық 5 мектеп болмақ. Оқушылар сарайының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ мұнда жастарға қызмет көрсету орталығы, ХҚКО, емхана, салтанат сарайы, драма театр, көрме кешені, 16 қабатты қонақ үй болмақ.