Қазақстанның рухани салада қолдауын қажет етеміз - Моңғолия Ұлы Құрылтай депутаты Бәкей Ағыпарұлы

- Қазақстан мен Моңғолия арасындағы қарым-қатынас туралы не айта аласыз?
- Моңғолия мен Қазақстан ежелден киіз туырлықты көрші халық. Көршілес екі елдің тарихы мен тағдыры терең, әрі ұқсас. Сондықтан да олар бір-бірін қолдау, қоян-қолтық қарым-қатынаста болу бүгінгі таңда ауадай қажет. Моңғолия халқының 5 пайызы (шамамен 130 мың адам) - қазақтар, оларды екі ел арасындағы «дәнекер» деп айтуға болады. Жақында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мырза бастаған делегация келіп, Моңғолия үкіметімен келіссөздер өткізіп қайтты. Бұл екі ел арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға, ілгері бастыруға үлесін қосатын сапар болды.
- Моңғолиядағы қазақ диаспорасының жағдайы қандай?
- 1990 жылдары 65 мыңға жуық қазақ Қазақстанға қоныс аударды. Қазіргі кезде жоғарыда атап айтқандай Моңғолияда 130 мыңға жуық қазақ ағайындар өмір сүреді. Бұның басым көпшілігі, яғни 100 мыңға жуығы, Баян-Өлгий аймағында қоныстанған. Баян-Өлгий аймағындағы қазақ ағайындардың негізгі тіршілік көзі - дәстүрлі мал шаруашылығы. Соңғы кезде тау-кен, шағын және орта өндіріс, құрылыс, қызмет көрсету секілді салалар қарқынды түрде өркендеуде. Халықты жұмыспен қамтуда мал шаруашылығы, өндіріс және қызмет көрсету салаларының үлесі жоғары. Моңғолия қазақтарының арасынан мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері, өнер саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізген азаматтар көп шыққан. Олардың кейбірі өмірден өткен, кейбіреулері атамекенге қоныс аударған, қалғандары осында. Баян-Өлгий аймағының алғаш шаңырағын көтеріскен Б.Қаби, Ш.Ноғай, олардың ізбасарлары А.Жәмила, Д.Жеңісхан, М.Қашқынбай, Қ.Мусахан, А.Сарай, Б.Құрметбек, Қ.Қызырхан, К.Мизамхан ағаларды мақтан тұтамыз. Сонымен қатар мемлекет қайраткері, тарихшы атақты ғалым Қ.Зардыхан (Қазақстанда), Моңғолия халық әртісі әйгілі әнші Ә.Қабылаш (Қазақстанда), математика ғылымдарының докторы, академик Ә.Мекей ағайларымыздың орны бөлек.
Моңғолияның өкіметтік ісін басқаратын жоғары органы - парламентте - 2-3 қазақ азаматы үзілмей сайланып келеді. Қазір Тілейхан Әлмәлікұлы екеуіміз екі мәрте сайланып, халықтың мүддесін арқалап қызмет атқарудамыз. Сонымен қатар, Моңғолияның жол және көлік министрінің, сондай-ақ өнеркәсіп министрінің орынбасарлары біздің қазақ азаматтар. Министрліктерде департамент және бөлім бастығы деген сияқты әр түрлі қызмет атқарып жүрген қазақ азаматтары баршылық. Жоғарғы оқу орындарында, ғылым және өнер саласында да біздің майталмандарымыз бар.
Мысалы, олардың кейбірін атасақ, Моңғол елінің еңбек ері, халық дәрігері, денсаулық сақтау саласына еңбек сіңірген қайраткер Хайрулла Жәлелұлы, Моңғолия мәдениетіне еңбек сіңірген, әрі ғалым, әрі дипломат, әрі жазушы Сұлтан Тәукейұлы, тағы басқа көптеген ардагерлерімізді мақтанышпен атай аламыз. Олардың ішінде құрылыс, тау-кен, мал шаруашылық, спорт салаларында үлкен жетістіктерге қол жеткізгендер де көп.
Ұлан-Батырда біздің «Баян-Өлгий аймағының жерлестер алқасы» деген қоғамдық ұйымымыз бар. Осы ұйым жыл сайын астанамыз - Ұлан-Батыр қаласында көптеген мәдени іс-шаралар өткізіп келеді. Биыл біз ұйымдастырған «Домбыра әуені - 2015» атты мерекелік концертке Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдорж 4-ші рет қатысты. Осындай іс-шаралардың арқасында біздің халқымыздың өзінің ата салт-дәстүрлерін сақтап қалуға бағытталған құлшынысы жақсы деп айтуға болады. Бірақ бізде проблемалық мәселелер де бар. Мысалы, қазақтар шоғырланған Баян-Өлгий және Хобда аймағында, сондай-ақ, Налайх, Дархан, Шарынғол, Эрденет сияқты елді мекендерде тіршілік еткен қазақтар арасында жұмыссыздар саны аз емес. Бұл, әрине, тек қазақтардың басындағы ғана проблема емес, жалпы еліміз көлеміндегі қиыншылық болғандықтан біз көппен бірдей көріп келеміз. Сонымен қатар, Ұлан-Батырда, Хобда аймағында және де жоғарыда атаған ішкі өлкелерде тіршілік ететін ағайындардың балаларын ана тіліне үйрету, ұлттық салт-дәстүрлерін сақтауға бағытталған қолайлы жағдай үкімет тарапынан әлі ұйымдастырылған жоқ. Осыған біз назар аударуымыз қажет.
- Қазақстан тарапынан Моңғолиядағы қандастарымызға қандай көмек керек, әрі сондай мұқтаждық бар ма?
- Әрине, бар. Аллаға шүкіршілік, Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан бері Орта Азия елдері ішіндегі экономикалық дамуы жағынан көш басында келе жатқан ел болды. Ал енді осы жағдайда Моңғолиядағы қандастарына қол ұшын берсе, әсіресе, рухани жағынан қолдаса нұр үстіне нұр болар еді. Мысалы, Баян-Өлгий аймағында қазақ театры, кітапхана, мұражай бар. Қазіргі нарықтық жағдайда театрымызды дамытуға Қазақстанның көмегі ауадай қажет болып тұр. Енді осы саладағы Қазақстанның үлкен жетістіктеріне, артықшылығына сүйене отырып, біздің талантты да өнерлі жастарымызды қолдасақ жақсы болар еді. Атап айтқанда, театр мамандарын оқыту, олардың мамандығын жетілдіру, сондай-ақ Моңғолиядағы орта мектептерді қазақ тіліндегі оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің білімін жетілдіру сияқты өзекті мәселелер бар. Өткен жылы Қазақстан бізге қазақ тіліндегі біраз оқу құралдарын берді, оған рахметімізді айтамыз. Сонымен қатар, Қазақстан сауда-экономикалық жағынан да Баян-Өлгий аймағында шағын-орта бизнесті дамытып, заманауи технологиясы бар өндіріс орнын ашса, бұл екі елдің қатынасын жақсартуға, халық арасындағы жұмыссыздықты азайтуға өз үлесін тигізер еді деп ойлаймыз.
- Моңғолия қазақтарының рухани өмірі, соның ішінде әдебиеті жайлы әңгімелеп берсеңіз...
- Баян-Өлгий аймағында Моңғолия қазақтарының әдеби-көркем, танымдық «Шұғыла» журналы (1957 жылдан шыға бастады), «Монгол Заман» (2010 жылдан бастап) қатарлы көптеген газет, журналдар шығады, қазақ тілінде радио, теледидар жұмыс істейді.
Ақтан Бабиұлы (1897-1973 жж.) және Құрманхан Мұхамәдиұлы (1923-1964 жж.) аталарымыз Моңғолиядағы қазақ әдебиетінің іргетасын қалаушылар болып табылады. Олардың жолын қуған және әдебиет саласында ізін қалдырған ағайындарымыз көп, солардың ішінде Б.Имашхан, Қ.Дайын, Д.Даниял, С.Мағауия, Ш.Жәмлиха, Ж.Кәкей, Ш.Зұхай, Т.Сұлтан, Р.Шынай, Р.Сұраған және тағы басқа атақты ақын-жазушыларымыз бар. Шығармасын моңғол тілінде жазатын Моңғолхүү Бестайұлы қазақ мақал-мәтелдерін алғаш рет монғол тіліне аударды. Марқұм Мұрат Пұшатайұлы ағамыз Қазақстанға Моңғолия қазақтары алғаш көше бастағанда «Ел көшкенде» деген атақты әннің сөзін жазған (бұл ән әнші Меруеш Башайқызының орындауында елге әйгілі болған).
Өмірден озған тарих ғылымдарының докторы, жазушы Биқұмар Кәмалашұлының 400-ге тарта әдеби шығармалары, публицистикалық мақалалары жарық көрген. Ол қазақ халқының төл өнері «Құсбегілікті» зерттеп ғылыми айналымға еңгізген бірден-бір адам. Қ.Биқумар қазақтың көнерген дәстүрі «Жамбы ату», яғни садақ ату дәстүрін де зерттеп, оны қайтадан жандандыруға атсалысқан. Ол «Бүркітшілер және Садақшылар» қоғамының негізін қалаушы. Көпшілікке танымал болған «Қазақтар», «Қанды шеңгел» атты романдарының авторы. «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты еңбегі 2013 жылы жарық көрді. Бұл туынды қазақтың бүгінгі жас ұрпағы үшін салт-дәстүрді насихаттап, ұлттық өнерді игеруге, дәстүрлік болмыс түсініктерді бойына сіңіріп өсуіне, ата-баба мұрасын дүниелерді зерттеп тануға танымдық маңызы мол.
- Осы жолы Қазақстан мен Моңғолия сыртқы істер министрліктері арасында өткен саяси консультациялар барысында қазақстандық тарап Баян-Өлгийде өзінің консулдық қызметін ашуды ұсынды. Сіздің бұл туралы пікіріңіз қандай?
- Қандай да мемлекеттік іс халыққа жақын болуы тиіс. Адам өмірінде қуаныш, жақсылық, қиыншылық деген сияқты әр түрлі жағдай болады. Қазақстан азаматтары Баян-Өлгийге жиі барады, жолаушылар мәселелерін уақыт создырмай тез арада шешу керек. Егер Баян-Өлгий аймағында Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызметі ашылатын болса, бұл жәйт ең бастысы қарапайым халықтың басындағы істі жеңілдетуге өзінің үлесін тигізер еді. Сондықтан, бұл жақсы хабар деп санаймыз.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Садық Әкіжанов