Қазақстанның серпінді дамуы қуантады - БАӘ әлеуметтік саясат министрі
«Бірінші кезекте, Қазақстанның оң бағыттағы даму қарқынын атап өткім келеді. Екі жыл бұрын жұмыс сапарымен Қазақстанға барғанымда, біздің делегация Астанада қазақстандық әріптестермен жемісті кездесулер өткізді. Қазақстанның серпінді де нәтижелі дамуы қуантады. Әрине, мұндай жетістіктерге жетуде Қазақстан көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі ерекше», - деді БАӘ әлеуметтік саясат министрі Мариям Мохаммед Халфан Аль-Руми.
Ол сондай-ақ көпұлтты Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылықта өмір сүріп жатқанын, ел билігі қоғамдағы әлеуметтік салаға, толеранттылықты қолдауға баса ден қойғанына тоқталып өтті.
«Бұдан әрі де Қазақстан мен БАӘ арасындағы байланыстар нығая түсіп, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастық нығая түседі деп ойлаймын. Қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 23-жылдығымен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Әр отбасыға, әр шаңыраққа денсаулық, табыс, бірлік пен бейбіт өмір тілеймін», - деді Халфан Аль-Руми.