Қазақстанның шығысы мен солтүстігі өңіраралық ынтымақтастықты нығайтады

Өнеркәсіптік және аграрлық салаларда, сондай-ақ тауар айналымын ұлғайту бойынша бірқатар меморандумдар жасап, өңірлер ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көшті. Бұл туралы өңір басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс әкімдерінің қатысумен өңіраралық ынтымақтастық бойынша кездесуде Шығыс және Солтүстік Қазақстан экономикасының ерекшеліктері мен әлеуеті, сондай-ақ өзара ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары талқыланды.
- Біздің облыстардың құрылымы белгілі бір дәрежеде ұқсас. Шығыс Қазақстанда түсті металлургия, аграрлық сектор кеңінен дамыған. Кәсіпорындардың әлеуеті жоғары. СҚО-ның индустриалдық мүмкіндіктерін білемін. Ол алыс шетелден сатып алатын өнімдерге бәсекеге қабілетті бола алады. Біздің металлургиялық кешен көбінесе Солтүстік Қазақстанда дайындалған өнімдерді сатып алады. Бірігіп алға қарай тиімді қадам жасай бермекпіз», - деді Д. Ахметов.
Өңірлер үшін ірі компаниялардың тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуда шағын және орта бизнес кәсіпорындарының ынтымақтастығы табысты болмақ. Бұл өнімді өткізуді, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруды ынталандыруды қамтамасыз етеді. Тау-кен өндіру саласындағы ынтымақтастықтың құрылыс материалдарын шығару бойынша кәсіпорындарды дамытуда пайдасы зор.
Бұдан басқа, өңіраралық ынтымақтастық тауар айналымын ұлғайтуды және тағам өнеркәсібін дамытуға ықпал етеді.
-Қол қойылған меморандумдар келешекте өңірлер арасындағы тауар айналымын арттыратынына сенімдімін. «ҮМЗ» АҚ-да болып, ШҚО-ның өнеркәсіптік әлеуеті ірі екеніне көзіміз жетті. Бірлесіп атқаратын жұмыстар өте көп. Бұдан басқа, білім және мәдениет саласында өзара іс-қимылды күшейтеміз», - деді Е. Сұлтанов.
Мәжіліс соңында өнеркәсіп, аграрлық салада, өңірлердің тауар айналымын ұлғайту бойынша ынтымақтастық туралы 10 меморандумға қол қойылды.