Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Венесуэланы Астанада толыққанды жұмыс істейтін Елшілік ашуға шақырады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Венесуэланы Астанада толыққанды жұмыс істейтін Елшілік ашуға шақырады. Бүгін ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Венесуэланың Халықаралық қатынастар жөніндегі Халықтық билік министрі Делси Родригеспен кездесуінен соң осылай мәлімдеді.
None
None

Сөз арасында сыртқы істер министрі 2012 жылы Қазақстанда Венесуэланың дипломатиялық миссиясы ашылғанын атап өтті. «Біз сондай-ақ Венесуэланы Астанада толыққанды жұмыс істейтін Елшілік ашуға шақырамыз. Бұл қадам ең алдымен сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастықтың дамуына қосымша серпін берер еді», - деді Е.Ыдырысов.

Кездесу барысында іскерлік ынтымақтастықты дамытуға серпін беру үшін Венесуэланың кәсіпкерлерін Қазақстанға шақыру туралы мәселе де талқыланған. Министрдің пайымынша, бұндай шара қос мемлекеттің іскер топтары арасында тікелей байланыс орнатуға, сондай-ақ нақты уағдаластықтарға қол жеткізуге мүмкіндік ашады. Бұдан бөлек, кездесу барысында Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы, сондай-ақ Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуды көздеп отырған Қазақстанның сауда-инвестициялық мүмкіндіктері туралы әңгіме өрбіген. Бұл ретте министр Е.Ыдырысов әріптесін Еуразиялық экономикалық одақ пен Орталық Азия нарығына жол табу үшін Қазақстанды қолайлы әрі лайықты алаң ретінде пайдалануға болатынын атап өтті.

Келіссөздердің қорытындысына орай, Қазақстан мен Венесуэланың Сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл құжат ынтымақтастықтың басым және өзара тиімді салаларын анықтаудағы қосымша құралға айналады. Министр Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, саяси консультациялар жөніндегі меморандум екі елдің қарым-қатынасын тереңдете түсу үшін жоспарлар құрып, оған қолжеткізу үшін өз септігін тигізбек. «Қазақстан мен Венесуэла көпжақты форматта белсенді өзара іс-қимыл орнатып отыр. Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Тұрақты емес мүшесі және «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесін өткізуге үміткер ретінде еліміздің кандидатурасын қолдағаны үшін Венесуэлаға алғыс білдіреді», - деді Е.Ыдырысов.

Соңғы жаңалықтар