14:01, 01 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі алғашқы қызмет көрсету орталықтарын ашты
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ы республикадағы алғашқы қызмет көрсету орталықтарын ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұған дейін біздің Алматыда бас кеңсеміз бен қалалық филиалымыз бар еді. Тұрғындардың өтініш-тілектері бойынша бүгін алғашқы 2 қызмет көрсету орталығын ашып отырмыз. Жалпы осы уақытқа дейін 2 кеңсе күніне 700 адамға қызмет көрсетіп келсе, енді бұл сан 1300 адамға дейін ұлғаймақ», дейді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның Алматы қаласындағы филиалының директоры Алмат Бөлегенов. Оның айтуынша, тұрғындар тарапынан өтініш болып жатса алдағы уақытта клиенттердің шоғырланған өзге аумақтарында да жаңа қызмет көрсету орталықтары ашылуы мүмкін. Сондай-ақ бұл тәжірибе болашақта республиканың өзге өңірлерінде де өз жалғасын табады деп жоспарланып отыр.