Қазақстанның ұлтаралық келісім идеясы уақыт сынынан өткен саяси-қоғамдық механизмге айналды - Е.Тоғжанов
Бүгін Астанада басталған «Бейбітшілік пен келісімнің 20 жылы: еркіндік, бірлік, тұрақтылық пен гүлдену» тақырыбындағы республикалық әдістемелік семинар-жиналысында Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов осылай айтты.
Оның хабарлауынша, өткен жылы Қазақстанның ұлтаралық келісім идеясымен танысу мақсатында 11 елдің арнайы өкілдері келіп, мемлекетіміздің халықтар арасындағы өзара түсіністікті сақтау тәжірибесін жан-жақты зерттеген. Олардың ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Голландия, Германия және тағы басқа дамыған елдер бар. «Бұл барша әлемнің ұлтаралық келісімнің бірыңғай формуласын іздеу кезіндегі біздің халықтар арасындағы достықты сақтаудағы мол тәжірибеміздің өзектілігін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр», - дейді Е.Тоғжанов.
Хатшылық меңгерушісі атап көрсеткендей, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аясында барлық іс-шараларда, сондай-ақ БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ге Мунның қатысуымен осы ұйымның отырысында еліміздің ұлтаралық келісім үлгісі таныстырылған болатын. «Қазіргі кезде бұл үлгі әлем бойынша мойындалған және уақыт сынынан өткен саяси-қоғамдық механизмге айналды», - деп атап көрсетті Е.Тоғжанов.