Қазақстанның үш өңірінде өрт қаупі жоғары- Қалмұханбет Қасымов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы еліміздің батыс, шығыс және оңтүстік өңірлерінде өрт қаупі жоғары болмақ. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның үш өңірінде өрт қаупі жоғары- Қалмұханбет Қасымов

«Қазіргі таңда орман және дала өрттері кең етек алып отыр, проблемаға айналды. Жыл сайын олардың саны артуда. Мысалы 2016 жылмен салыстыратын болсақ, өткен жылы еліміздің орман қорында 2 есе көп өрт тіркелді. Өрттенген аумақ 5 есеге артып, материалдық шығын 7 есеге өскен болатын. Дала массивіндегі өрт саны да артқаны белгілі. Олардың жалпы аумағы 850 мың гектарға жетіп отыр. Биылғы жылы да өрт қаупі жоғары»,  - деді министр.

Оның дерегінше, жыл басынан бастап көктем уақытында 45 орман және 4 дала өрті тіркелді. Өртенген жердің жалпы аумағы 10  мың гектардан асады. Ал материалдық залал - 4,4 млн теңге.

«Алдағы өрт қаупі кезеңінде болжам бойынша, орташа температура + 30 градусқа көтеріледі. Ал еліміздің оңтүстік, шығыс және батыс бөлігінде жер құрғап, жауын-шашын аз түсіп, ауа температурасы +41 градусқа дейін  көтеріледі деген болжам бар. Бұл әрине, орман және дала өрттерінің артуына түркі болады. Жергілікті жерлерден келген мәліметтер бойынша, барлық өңір орман және дала өрттерін алдын алу шараларын бастап кеткен. Қазіргі таңда біз ведомствоаралық жоспарды іске асырып жатырмыз. Бұл жоспар орталық және жергілікті атқарушы органдармен келісілген»,-  деді ол.

Министрдің дерегінше, орман және дала өрттеріне қарсы өңірлік күштер мен құралдар анықталған. Олардың қатарында шамамен 30 мың адам және 4977 автоцестерна, су құюға арналған 17 тікұшақ, 47 өрт сөндіру пойызы, 580 өрт сөндіру матопомпа сынды 6 мың техника бар.

«Өртке қарсы қызмет мамандары шаруа қожалықтарын тексеруді қолға алды. Қазіргі таңда олардың басшылары мен жұмысшыларына нұсқаулық жүргізіліп жатыр. Бастапқы өрт сөндіру құралдарының бар-жоғы тексеріліп, арнайы жадынама таратылуда. Мамыр айының соңына дейін Төтенше жағдайлар комитетінің өрт сөндіру инспекциясы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктерге қарайтын ұлттық парктерді, табиғи қорықтарды тексеруді аяқтайтын болады. Балалар лагерлерін тексеру де ерекше назар аударып отырмыз. Орман-дала алқаптары мен демалыс орындарын күнсайын шолғындау қолға алынған», - деді Қасымов.