09:45, 05 Қараша 2013 | GMT +5
Қазақстанның үздік әдіскерлерінің есімдері белгілі болды
АЛМАТЫ. 5 қараша. ҚазАқпарат - Кеше Алматыдағы «Ғылым ордасы» мекемесінде республикалық «Жыл әдіскері» байқауының қорытындысы жарияланды. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы ұйымдастырған бұл шараның мақсаты - әдістемелік жұмысты ұйымдастырудағы барлық деңгейдегі әдіскерлердің үздік тәжірибесін айқындап, қолдау.

Әдіскерлердің кәсіби шығармашылығын ынталандыру, әдіскерлердің білім беру саласын дамытуға қосқан үлесін нақтылау, білім беру жүйесінде әдіскерлердің жағымды және кәсіби келбетін қалыптастыру арқылы мұғалім мамандығының мәртебесін көтеру. Аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі 3 кезеңнен тұратын байқаудың аудандық және облыстық кезеңдеріне 314 білім беру ұйымдарынан 331 әдіскер қатысып, өз бақтарын сынаған болатын. Республикалық сында үздік шыққандар 1-ші орын мен «жыл әдіскері» атанды. Атап айтқанда - мектепке дейінгі білімге басшылық жасайтын аудандық, қалалық әдістемелік кабинет әдіскерлерінің секциясы бойынша Алматы облысынан Гүлниса Тұлымшақова, жалпы орта білімге басшылық жасайтын аудандық, қалалық әдістемелік кабинет әдіскерлерінің секциясы бойынша Ақтөбе облысынан Ботагөз Тұрмашева, техникалық және кәсіби білімге басшылық жасайтын аудандық, қалалық әдістемелік кабинет әдіскерлерінің секциясынан Қарағанды облысынан Күләш Жақыпова, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарына жетекшілік жасайтын аудандық, қалалық әдістемелік кабинет әдіскерлерінің секциясынан шығысқазақстандық Зәуре Нұрпейісова, жоғары оқу орындары әдістемелік бюросының жетекшілерінің секциясында келесі бір шығысқазақстандық Шынар Құрманбаева, ал облыстық, қалалық біліктілікті арттыру институттарының инновациялық даму бөлімдері әдіскерлерінің секциясында қостанайлық Наталья Долбня жеңімпаз атанды.