Қазақстанның «Үздік ауыл әкімі» анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсының жеңімпаздарын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның «Үздік ауыл әкімі» анықталды

Конкурстың алғашқы кезеңінде өңірлік комиссиялар шешімімен 14 ауыл әкімі республикалық кезеңге іріктеліп алынған еді.

Іріктеу кезінде жергілікті тұрғындардың онлайн дауыс беруі, әкімдердің эсселері мен жобалық жұмыстары, ауылдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, әкімдердің әдеп нормаларын сақтауы, карантин кезінде атқарылған шаралар және мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша бағаланды.

«2019 жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында «Қуатты өңір – қуатты ел» деп, өңірлердегі жергілікті билік жұмысын тиімділігін бағалау жүйесін енгізу керек деп айтқан болатын. Осыған орай, Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауын ұйымдастыру және өткізу жүктелген еді. Биыл да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан – іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында да ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлауға болатынын атап көрсетті. Алдағы уақытта тәуелсіз Қазақстан жағдайында бұған дейін болмаған тәжірибе – ауыл әкімдерін тікелей сайлауға қоғам тарапынан да қызығушылық артып отыр», - деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының орынбасары Дархан Жазықбаев агенттікте өткен республикалық комиссия отырысында.

Конкурс өңірлік және республикалық іріктеу кезеңдеріне бөлінген және әр кезең бойынша өңірлік, тиісінше республикалық коммиссия құрылды.

«Республикалық конкурс комиссиясы құрамында «Ауыл» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов, Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов, Мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мирболат Жақыпов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов, ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Абзал Мұхимов, «Хабар агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші оынбасары Ринат Кертаев бар», - деді Д. Жазықбаев.

Байқаудың республикалық кезеңінде әкімдер комиссия отырысына онлайн байланысып, ауылдық елдімекеннің әлеуметтік-экономикалық мәселесін шешу бойынша дербес жобалық жұмыстарын таныстырды.

Нәтижесінде жүлделі бірінші орынды Алматы облысы Іле ауданының Боралдай кенті әкімі Данияр Төлеуханұлы Қоңырбаев жеңіп алды.

Екінші орынды Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Талдысай ауылдық округінің әкімі Қазбек Төлеуханұлы Аққайыр және Ақмола облысы Целиноград ауданы Мәншүк ауылдық округінің әкімі Ғани Қуантайұлы Исаев иеленді.

Үшінші орын – Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Жалаулық ауылдық окрігінің әкімі Азамат Жақсылықұлы Медетовқа және ШҚО Жарма ауданы Шалабай ауылдық округінің әкімі Жанар Есембаеваға берілді.

Сонымен бірге, «Іскер-шаруашыл әкім» номинациясына Атырау облысы Исатай ауданы Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Мәди Рақымұлы Өтеғалиев лайық деп танылды.

«Үздік әлеуметтік-экономикалық жоба» аталымында Жамбыл облысы Т. Рысқұлов ауданы Абай ауылдық округінің әкімі Мұратбек Дәкенұлы Арыстанбеков, «Халыққа ашық әкім» аталымында – Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Центральный ауылдық округінің әкімі Самат Байымбетұлы Мейірманов марапатталды.