Қазақстанның үздік мұғалімдерінің ұлттық лигасы құрылады

Соңғы жылдары мұғалім мәртебесі де ең өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Осы мақсатта мемлекет тарапынан нақты және ауқымды шаралар іске асырылуда. Мәселен, 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап оқытушылардың жалақылары 30 пайызға көбейсе, 2012 жылдың бірінші қыркүйегінен бастап, жалақыға қосымша тағы ақы төлене бастады. Атап айтқанда, жоғары категориялары барларға 100 пайыз көлемінде үстемеақы, екінші біліктілік категориясы үшін 70 пайыз, үшінші 30 пайызға дейін артты. Ұстаздар қауымының сапасын арттыру үшін мұғалімдердің біліктілігін арттыру - жаңа сапалық деңгейге көшкенін атап өткен жөн. Екі жыл бұрын ұстаздар біліктілігін арттыру Кембридж моделіне көшкенін және осы жүйе бойынша 8 мыңға жуық ел ұстазы біліктілігін арттырғанын жетістік деп бағалауға болады. 2011 жылдың қарашасында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру орталығы жанынан құрылған Педагогикалық шеберлік орталығы да - оқытушы қауымының сапасын көтеруге мол көмегі тиді. Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Парламенттегі Үкіметтік сағатында мәлім еткендей, Біліктілікті арттырудың жаңа жүйесі әлі де жалғасын табады. Алдағы уақытта Қазақстанның ең үздік мұғалімдерінің ұлттық лигасы да құрылмақшы, олардың 48-і жыл сайын 1000 айлық есептеу көрсеткіші көлеміндегі 10 мың доллар болатын стипендия алып отырмақ. Сөз жоқ, осының бәрі педагогтың мәртебесін көтерудегі елеулі қадамдар болады.