15:27, 07 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақстанның ядролық қарусыздану мен халықаралық қауіпсіздікті күшейту ісіне қосып отырған үлесі зор
ВАШИНГТОН. Ақпанның 7-сі. ҚазАқпарат – Вашингтондағы Қазақстан елшілігінде американың көрнекті саяси қайраткерлері және Монтерей халықаралық зерттеу институтының қаруды таратпау мәселелерін зерттеу орталығы мен АҚШ-тың осы саладағы ірі мемлекеттік емес ұйымы бірлесе құрған, қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау саласының мамандарына кешкі қонағасы берілді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР-ның АҚШ-тағы елшілігі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап.
Кешкі қонағасыға ҚР-ның Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев және «Қауіпті бірлесе қысқарту» атты әйгілі бағдарламаның авторы, бұрынғы сенатор Сэм Нанн құрметті қонақ ретінде қатысты. Аталған шараға, сондай-ақ, Конгрестің, Мемлекеттік департаменттің және АҚШ-тың Қорғаныс министрлігінің, АҚШ, Ұлыбритания, Мысыр және Швецияның қаруды таратпау саласындағы беделді «ақыл-ой» орталықтары мен ғылыми қоғамдастығының өкілдері, сондай-ақ, Стокгольмдегі әлемдік зерттеу институтының төрағасы Уильям Поттер, «Плаушерс» қорының президенті Джозеф Сиринсионе, «Ядролық қаруды қысқарту жөніндегі бастама» қорының вице-президенті Лора Холгейт, Мэрилен университетінің академигі, профессор Роальд Сагдеев және басқалар да қатысты.Бас қосушылар қару таратпау, энергетикалық қауіпсіздік, Еуразия құрлығындағы геосаяси жағдайлар және осы тұрғыдағы Қазақстанның өсіп келе жатқан рөлі жайында пікір алмасты. Сөз сөйлеушілер, Қазақстанның ядролық қарусыздану мен халықаралық қауіпсіздікті нығайту ісіне қосып отырған үлесін жаһандық кеңістіктегі аса маңызды іс санайды.