Қазақстанның ықпалы тек өңірде ғана емес әлемде күшейіп келеді - Қытайдың ҚР-дағы экс-елшісі Яо Пейшэн

- Таяуда өткен VIIІ Астана экономикалық форумына қандай баға бересіз?
- Бірден айта кету керек, бұл жолы Астана экономикалық форумы әлемде орын алып отырған мүлдем бөлек жағдайда, адамзат баласы алдында тұрған мүлдем бөлек сын-қатерлер мен міндеттер аясында өтті. Өздеріңіз де білетіндей, қазіргі уақытта әлемде өте күрделі экономикалық әрі саяси ахуал белең алып тұр. Еуропаның көптеген елдері қиын жағдайдан әлі де болса ес жия алар емес. Әсіресе, мұнай бағасының құлдырауы жер шарының көптеген елдері экономикасына кері әсерін тигізуде. Бүгінде оның бағасы аумалы-төкпелі. Ал бұл әлемнің басым бөлігінің экономикасына, оның ішінде Ресей мен Қазақстанға да кері әсерін тигізуде.
Осы ретте сіздердің Президенттеріңіз дер уақытында «Нұрлы жол» бағдарламасын ұсынды. Ол дәл осы қиын жағдайдан елдің сытылып шығуына өз септігін тигізері сөзсіз. Бұл уақтылы көтерілген тұжырымдама әрі Қазақстан Президенті өңірдегі әрі әлемдегі ахуалдың күрделі екендігін нақты біліп отыр.
Ал өткен форумға тоқталар болсам, оның негізгі мақсаттарының бірі қатысушылардың қаперіне біздердің Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту бастамамызды жеткізу болды. Біздің ғалымдарымыз, саясаттанушыларымыз бен басшыларымыз осынау бастаманың басты міндеті мемлекеттер арасындағы тығыз байланысты, экономикалық ынтымақтастықты өрістету екендігін түсінуі қажет.
Таяуда мен Қытайдағы танымал басылымдардың бірінде арнайы мақала жарияладым. Онда Жібек жолы және теңіз жолы экономикалық белдеуін құру біздің елдерімізді дағдарысты жағдайдан шығарады, ал Қытайды мұнан да қуатты державаға айналдырады, деген қорытындыға келген едім.
Жалпы, біз бұл форумда достарымыз бен әріптестеріміздің құнды кеңестері мен ұсыныстарын естідік. Толықтай алғанда, бұл экономикалық форум танымал халықаралық сұхбат алаңына айналды.
- Ұлы Жібек жолын жаңғырту бастамасы н жүзеге асыру қандай сатыда әрі бұл жобадағы Қазақстанның рөлі қандай?
- Бұл жобада қазіргі заманғы Жібек жолының бағдары толық көрсетілген. Бірі Қазақстан, Ресей арқылы Балтық теңізіне шығаратын болса, екіншісі Қазақстан арқылы батысқа, Жерорта теңізіне жол ашады. Осынау екі құрлықаралық бағдар Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Елдеріңізді бұл жолдың «мойыны» десек те болады. Ал мойын қайда бұрылса, бас та солай қалай бұрылатындығы түсінікті жайт. Яғни, бұл жобада сіздердің елдеріңіздің географиялық басымдығы мол. Оның қалай жүзеге асырылатындығы Қытай, Қазақстан және басқа да елдердің ынтымақтастығына байланысты. Дегенмен, әлі күнге бұл жобаның тиімділігін түсінбей жүргендер де бар. Басшылар жоба пайдасын түсініп отыр, ал оның тиімділігін енді жалпы бұқараға жеткізу қажет.
- Бұл жобаның жүзеге асырылуына қарсылық танытушылардың Қытайда болғаны ма?
- Мен оларды қарсылық танытушылар деп айтпас едім. Бірақ, бұл жобаның табысты жүзеге асырылатындығына сенімсіздікпен қарайтын адамдар бар. Осынау алып жобаға қатысты бұқаралық ақпарат құралдары бетінен пессимистік сарындағы көптеген материалдарды оқыдым. Дегенмен, мен оны үстірт бағалау деп білемін. Егер адамдар бұл бастама идеясына тереңдей бойлап, дұрыс бағамдай алса, олардың пессимистік ойлары оптимистік көзқарасқа айналар еді.
- Елдеріміз арасындағы өзара қарым-қатынастың бүгінгі деңгейін қалай бағалайсыз?
- Бүгінгі байланыстар өте жоғары деңгейде. Өйткені, саяси тұрғыда біздің елдеріміздің арасында ешқандай келіспеушілік және көзқарас қарама-қайшылығы жоқ. Өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделген өзара сенім, өзара сыйластық орын алып отыр.
Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айында біздің премьер Ли Кэцянь Қазақстанға табысты сапарлап, 22 тармақтан тұратын құжатқа қол қойылды. Аталған құжаттың негізгі мазмұны елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған. Яғни, тек қана энергетикада ғана емес, басқа да салаларда байланыстарды жандандыруды көздейді. Қазірдің өзінде оң нәтижелер бар.
Таяуда сіздердің Президенттеріңіз сайлауда жеңіске жетіп, өз қызметін жалғастырды. Бұл тек сіздер үшін ғана емес, сонымен бірге біздер үшін де зор оқиға болды. Біз тұрақтылықты сақтап, ел дамуын одан ары өрістетуге ден қойған Қазақстан халқының таңдауын қолдаймыз.
Меніңше, Қытай мен Қазақстан арасында экономикалық һәм гуманитарлық қарым-қатынастарды айтарлықтай зор нәтижелерге қол жеткізілді. Біздерге экономикалық саламен қатар біршама әлсіздеу дамып келе жатқан мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарға баса мән берген дұрыс. Қазіргі уақытта зейнетке шықсам да Қазақстанның даму жолын назардан тыс қалдырып отырған жоқпын. Сіздердің мемлекеттеріңіз шын мәнде өңірдегі экономикалық даму жөнінен көшбасшы елге айналған. Сіздердің Президенттеріңіз мұндай мәртебені одан ары нығайта түсуге барын салады. Бұл өте дұрыс әрі көрші елдердің барлығына үлгі-өнеге болмақ.
- Елбасымыздың әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу бастамасын қалай бағалайсыз және Қазақстанның бұл жолдағы әлеуеті қандай?
- Бұл мәселеге қатысты осыған дейін Бейжіңде сан мәрте пікір білдірген едім. Біріншіден, Қазақстанда тұрақты дамуы үшін мығым саяси негіз қалыптасқан. Әлеуметтік тұрақтылық та өте маңызды. Егер тұрақтылық болмаса, оның соңы неге апарып соғарын бәрі де біледі. Бізде, Қытайда әлеуметтік тұрақтылық мемлекеттің одан ары дамуының негізі, дейді. Бұл - аксиома. Сіздерде әлеуметтік тұрақтылық бар әрі оны одан ары жалғастыру қажет. Екіншіден, бұған дейін атап өткенімдей, Қазақстан өңірде экономикалық даму көрсеткіші бойынша көшбасшы елге айналды. Бұған қоса, Қазақстанның ықпалы тек өңірде ғана емес әлемде де күшейіп келеді. Бүгінде сіздердің елдеріңізді тек қана Қытай емес, бүкіл әлем біледі. Өткен жылы Қазақстанның жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 14 мың долларды құрады. Ал бізде бұл көрсеткіш осының тең жартысын ғана құрайды. Елдеріңіздің осынау даму деңгейі алға қойған мақсаттарға нақты негіз бола алады. Менің білуімше, Орталық Азия елдерінің барлығы да тұрақтылыққа ұмтылады. Ал бұл да даму үшін сыртқы фактор бола алады. Өйткені, сіздер де, біздер де көрші елдермен қарым-қатынасымызды дұрыс жолға қоюға тырысамыз. Егер дау-дамай не болмаса көзқарас қарама-қайшылығы туындайтын болса, онда жұдырыққа емес ақылға жүгінген орынды. Біз теке-тіресті қаламаймыз. Қытай мен Қазақстан қарым-қатынасының болашағы жарқын боларына сенімім мол.
- Сіздің Қазақстанда Елші болған ыңыз ды білеміз. Сол кезеңде елімізден алған әсеріңізбен бөліссеңіз.
- Менің Қазақстаннан кеткеніме 10 жылдан асты. Бірақ, елдеріңіз әлі күнге жадымда сақталған. Өзімнің әріптестеріме Қазақстанның жер аумағы үлкен мемлекет екендігін әрі онымен өте жақсы қарым-қатынас орнату қажеттігін жиі айтып отырамын. Қазақстан мен Қытай арасындағы достықтың тарихи тамыры тереңде. Осыдан 2 мың жыл бұрын Хань династиясының императоры сіздердің ата-балаларыңызбен тығыз байланыс орнатқан. Дәл осы династияның 2 ханшайымы Үйсін мемлекеті билеушілеріне ұзатылған. Қазіргі уақытта бізде осы тарихи оқиғаға байланысты фильм түсірілуде. Бұл аңыз емес, тарихи құжаттарда тайға таңба басылғандай жазылған анық дерек. Олар әлі күні мұрағатта сақтаулы. Ол құжаттарда Үйсіндерге ұзатылған ханшайымдардың қалай өмір сүргені, екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың қалай қалыптасқаны кеңінен баяндалған. Сондықтан да қазіргі біздің төрағамыз Қазақстанмен достық байланысты өте жоғары бағалайды. Біздің мемлекеттік жүйелерімізде айырмашылық болуы мүмкін. Бірақ, бұл біздің қарым-қатынасымыздың дамуына бөгет бола алмайды. Бізде елді бір партия басқарады. Ал сіздерде «Нұр Отан» партиясы бар. Бірақ, басқа да партиялар сайлауға түсе алады. Біз қазіргі уақытта Қазақстанның басқару жүйесі тәжірибесін зерделеудеміз.
Сіздердің Президенттеріңіздің елді басқарудың өзіндік жүйесі бар. Мен Қытайда тілшілердің сауалына жауап берген кезімде Елбасыларыңыздың айтқан сөздерін жиі мысалға келтіріп отырамын. Мұндай басшы - Отанының мақтанышы, халқының жан-жүрегі. Ол - тамаша стратег, сондықтан Қазақстан халқын алдына зор мақсаттар қойған даңғыл жолға түсіріп отыр. Елбасыларыңыздың тәжірибесі мен құнды еңбек нәтижелерін зерделеу қажет.
- Сұхбаттарыңыздың бірінде қазақ әдебиетін жақсы көретініңізді айтып едіңіз. Сүйікті авторыңыз бар ма?
- Мен қазақ әдебиетін оқыдым. Бірақ, көп емес. Негізінен ұлы ақындарыңыз Абайдың шығармашылығымен жете таныспын. Қытайда, әсіресе, Ұлттық университетімізде оның мұрасын тыңғылықты зерделейді. Мұнан бөлек, сіздердің Президенттеріңіздің көптеген еңбектерін оқып шықтым. Оларда қазақ халқының мінез-құлқы мен табиғаты шынайы суреттелген. Бұл еңбектер менің дипломатиялық қызметіме көп көмегін тигізді. Сонымен қатар досым, танымал дипломат Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбектерімен де таныспын. Ол «Еңсеру. Дипломатиялық очерктер» деп аталатын өте құнды кітап жазған болатын. Оның алғысөзін мен жазған едім. Әрине, қазақ әдебиетімен жете танысқым келеді. Өкінішке орай, жұмыс кестемнің тығыз болуына байланысты оған еш мүмкіншілігім болмай жүр.
- Сұхбатыңызға рахмет!