20:35, 12 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақстанның Жапониядағы Елшісі Токио мен Мияги префектурасындағы жұмыс сапарында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды
АСТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат – Қазақстанның Жапониядағы Елшісі Ақылбек Камалдинов Мияги префектурасының әкімшілік орталығы – Сэндайда жұмыс сапарында болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Жұмыс сапарының барысында ҚР Елшісі Мияги префектурасының губернаторы Ё.Мураимен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен келешегін талқылады. Сондай-ақ Елші жапондық тарапқа Қазақстанның индустриялық-инновациялық стратегиясы, еліміздің инвестициялық ахуалы, Қазақстан үкіметі қабылдап жатқан дағдарысқа қарсы шаралар, шағын және орта бизнесті қолдау мәселелері туралы әңгімелеп берді. Ал «Тохоку Электри Пауэр» энергетикалық компаниясының президенті Х.Такахашимен кездесуде Орал қаласында энергия үнемдейтін технологияны енгізудің ойдағыдай жүзеге асырылып жатқаны әңгіме болды. Х.Такахаши Оңтүстік Қазақстан облысындағы уран кеніштерін игерудегі қазақстан-жапон жобасы ауқымындағы компания жоспарлары туралы әңгімеледі. Елшінің Токио қаласындағы «JВIС» жапондық банкінің президенті Х.Ватанабэмен кездесуінде қаржы және инвестиция салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету мәселелеріне баса назар аударылды.