Қазақстанның «Жасыл көпір» бастамасы әлемдік қауымдастықтың қолдауына ие болды, яғни сәтті жүзеге асырылады деген сөз - Астанадағы халықаралық конференция

Астананың «Жасыл көпір» бастамасының басым бағыттары ретінде жан-жақты әріптестік пен табиғи ресурстарды экологиялық жағынан тиімді пайдалану, экожүйелік қызметтерге инвестиция салу, «жасыл» бизнес пен «жасыл» технологиялардың дамуына алғышарттар жасау және өмір сүру деңгейін көтеру екенін атап өту қажет. Астана бастамасын іске асырудағы қазақстандық тараптың басты мүддесі су ресурстарын тиімді пайдалану және тиімділігі жоғары энергетиканы дамыту.
Жалпы алғанда, Астана бастамалары инновациялық экономиканың дамып, экологизациялау әлеуетін қозғаушы күш болғандықтан, осы мәселелердің барлығын тереңдете талқылау үшін Қазақстан Астанада осындай халықаралық форум өткізуге мұрындық болды.
Аталған конференцияға Еуропалық одақтың, Орталық Азияның және басқа да мемлекеттердің табиғатты қорғау ведомсволарының басшылары, халықаралық ұйымдар мен компаниялардың өкілдері, Қазақстанның мемлекеттік органдарының қызметкерлері, сондай-ақ, экологиялық таза энергия мен «жасыл» даму саласының халықаралық сарапшылары қатысты.
Конференция барысында атап өтілгендей, «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы «жасыл» экономикаға өтудің тәжірибелік тетігі бола тұра, Еуропа, Азия және Тынық мұхиты аумағында елдердің, халықаралық ұйымдар мен қоғамдық және бизнес-секторлардың күшін біріктіруге шақырады. Конференцияның жұмысын ашқан ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов: «Бұл форум дәстүрлі түрде өтіп тұрады деп үміттенеміз. Бұл осы салада пайда болған күрделі мәселелерді дер кезінде шешіп, әріптестігімізді дамытуға зор үлес қосады», - деп атап өтті.
Сондай-ақ, ол Қазақстанның мұндай бастаманы кездейсоқ көтермегенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан экономикасы барынша тұрақты дамып келеді. Оның негізгі салалары мұнай-газ, өнеркәсіп, тау-кен және металлургия.
«Бірақ біз индустриялық дамудың басқа жағын да ойлаймыз. Бұл экожүйенің бұзылуы мен пайдалы қазбалардың таусылуы», - деді С. Ахметов.
Оның пікірінше, еліміз мұндай жағдайдың алдын алу мақсатында бірқатар қадамдар жасады. Атап айтар болсақ, жағдайды толық зерделей келе, Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» өту концепциясы қабылданды. Сонымен қатар, Қазақстан көршілес мемлекеттерді «жасыл көпір» бағдарламасы бойынша әріптестік қарым-қатынас жасауға шақырды.
«Кез келген мәселе жаһандық сипатқа енетін қазіргі заманда оларды бірыңғай экожүйеден бөліп алып, шешу мүмкін емес», - деді С. Ахметов.
Оның айтуынша, бүгінгі күнде аймақтық экожүйелердің бір-бірімен байланысының тығыздығы соншалық, тіпті ішкі мәселелердің өзі барлық Орталық Азияның проблемасына айналады.
«Сондықтан да біз көршілерімізді «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасына бірігіп күш салуға шақырамыз», - деп атап өтті Премьер-Министр.
Ал Испанияның Премьер-Министрі Мариано Рахой «жасыл» экономиканы дамытуда өз елінің Қазақстанға көмектесуге дайын екенін атап өтті.
«Бүгінде Қазақстан қарыштап дамуда. Біздің компанияларымыз қоршаған ортаны қорғау секторы бойынша жақсы дамып келе жатқандықтан, екі ел арасындағы әріптестік қарым-қатынаста осы фактор алдыңғы орында тұр. Олар (компаниялар - автор) алдыңғы қатарлы технологияларды алдымен өз елімізге енгізіп, сосын әлемге тарата бастады. Әсіресе, қала қоқыстарын өңдеу саласында әріптестігіміз қызу жүріп жатқан Қазақстан сондай елдердің қатарына кіріп отыр», - деді Мариано Рахой.
Ол сондай-ақ Қазақстанның «жасыл» экономиканы дамытудағы зор әлеуетін баса айтты.
Ресейдің Пайдалы қазбалар және экология министрі Сергей Донсков қазақстандық тарапты Мәскеуде өтетін Жалпыресейлік экологтар съезіне қатысуға шақырды.
«Қазір осы съезге қатысатын делегаттарды сайлау Ресейдің барлық өңірлерінде жүріп жатыр. Сонымен қатар «Жасыл экономика - утопия ма әлде даму қажеттілігі ме?» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізу жоспарланған. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қазақстандық тарапты желтоқсанда өтетін осы съезге қатысып, ойларымен бөлісуге шақырамын», - деді ол.
РФ-ның Пайдалы қазбалар және экология министрі аталған съезд соңғы 10 жылда алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын және ол 2-4 желтоқсан аралығында өтетінін айта кетті. «Сол съезде Астанадан бастау алған экология тақырыбындағы пікірталасымыз өз жалғасын табады деген үміттеміз», - деп түйіндеді ол.
С. Донсковтың айтуынша, Қазақстан аймақтағы экологияны сақтау мәселесінде Ресейдің сенімді серіктесі болып қала бермек.
Астанадағы халықаралық конференцияның қорытындысы бойынша «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы аясында Хартияға қол қойылды.