ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖЕҢІСКЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ: Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстан майданның қуатты арсеналына айналды

Еліміздің Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты, Қарағанды көмір шахталары сияқты соғысқа қажетті өнімдер шығаратын өнеркәсіптерінің құрылыстар шұғыл арада толығымен аяқталды. Ал соғыс жүріп жатқан жерлерден және майданға жақын аймақтардан 220 зауыт пен фабриканы, кәсіпорындары Қазақстанға көшіру жүргізілді. Мәселен, Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысынан Мәскеу авиация жасау зауыты, Урюпинск ет-консерві зауыты, Дзержинский атындағы электротехника зауыты, Мәскеу рентген зауыты, № 3 Александр радио зауыты, С. Орджоникидзе атындағы механика зауыты сынды 40-қа жуық Қазақстанға әкелінді. Сонымен қатар Украинадан да Харьков электротехника зауыты, Подольск механика зауыты, Запорожье ферроқорытпа зауыты, Днепропетровск вагон жасау зауыты 70 өнеркәсіп орны мен оған қажетті жабдықтар жеткізілді.
Бұл кәсіпорындардың барлығы да республиканың Алматы, Қарағанды, Шымкент, Петропавл, Семей, Ақтөбе, Орал қалаларында орналастырылды. Әрине, Қазақстанға әкелінген кәсіпорындар өте қиын жағдайда жұмыс істегендігі, қажетті мамандардың тапшылығы болғандығы анық. Сондықтанда Қазақстанға майдан өңірінен көптеген мамандар да көшірілді. Мәселен, тек қана Донбасстан 3200-ге жуық шахтер, 2000-дай құрылысшы келді. Майдан өңірлерінен келген инженер- техниктердің де саны 700-ге жуықтады. Осылайша, Қазақстан КСРО-ның негізгі әскери-өнеркәсіп базасына айналды. Оған мына деректердің өзі нақты дәлел болады. Атап айтқанда, 1942 жылы Одақта өндірілген қорғасынның 85 пайызын, көмірдің 18 пайызын, молибденнің 60 пайызын, октанды мұнайдың 1 млн. тоннаға жуығын Қазақстан берді. Соғыс кезіндегі он оқтың тоғызы Қазақстанда өндірілген қорғасыннан құйылды. Елімізде соғыс жылдарында 19 жаңа шахта, жылдық қуаты алты миллион тонналық үш көмір разрезі салынып, пайдалануға берілді. Өлкеде көмір өндіру 1940 жылғы 6,6 млн. тоннадан 1944 жылы 11,2 млн. тоннаға жетті.
Жалпы, соғыс жылдарында 460 зауыт, фабрика, шахта салынды. Петровский машина жасау зауытының екінші кезеңі, Атырау теңіз порты мен мұнай өңдеу зауыты, Текелі қорғасын-мырыш комбинатының алғашқы кезеңі, Белоусов байыту фабрикасы. Ақмола ауыл шаруашылығы машинасы зауыты, Алматы вагон жасау зауыты, Атырау мұнай өңдеу зауыты іске қосылды. Қару-жарақ, көлік, киім-кешек, азық-түлікті майданға жылдам жеткізу мақсатында қысқа мерзімде Қандыағаш-Орск, Жамбыл- Шолақтау, Талдыкорған-Текелі темір жол желілері тартылды. Соның нәтижесінде шикізат көздері өнеркәсіп ошақтарымен жалғасты.
Қазақстанның қорғаныс қабілеті армияны киім-кешек, азық-түлікпен жабдықтаумен де анықталды. Соғыс мұқтаждықтарын қанағаттандыруға жеңіл және тамақ өнеркәсібінің өндіріс орындары да бейімделді. Жеңіл өнеркәсіпте тігін, тоқыма, тері, аяқ киім салалары жылдам дамыды. 1941 жылы Алматыда тігін-тоқыма және тері-былғары фабрикалары, майдан үшін жұмыс істей бастаған фурнитура зауыты іске қосылды. 1943 жылдың басында республиканың жеңіл өнеркәсібі өнім өндіру көлемі жағынан бұрынғы КСРО-да Ресейден кейінгі екінші орынға шықты. 1945 жылы 1940 жылмен салыстырғанда шұлық бұйымдарын өндіру - 11,3 есе, мақта-мата - 7,4 есе, тоқыма бұйымдары - 4 есе, жүн мата - 2 есе, былғары аяқ киім өндіру 1,3 есе өсті. Соғыс жылдары 500-дей дивизия солдаттары жазғы киім-кешекпен, 70 дивизия - шинельмен, 67 дивизия - қысқы аяқ киіммен, 59 дивизия - жылы киіммен, 25 дивизия - шолақ тонмен қамтамасыз етілді. Соғыс кезіндегі дивизиялардағы әскер саны 10000 адамға жеткенін ескерсек, тауарлардың келтірілген тізімі бойынша қандай мөлшерде өнім дайындалғанын есептеу қиын емес. Толықтай алғанда, республика өнеркәсібі өндірісі соғыс жылдары 37 пайызға өсті. Бұл нәтижелерге үлкен қажырлы еңбектің арқасында қол жеткізілді. Республика индустриясының одан арғы дамуы, оның жаңа салаларының, әсіресе жетекші салаларының пайда болуы Қазақстанды майданның қуатты арсеналына, маңызды экономикалық аудандардың біріне айналдырды.