ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖЕҢІСКЕ ҚОСЫЛҒАН ҮЛЕСІ: Соғыс жылдарында Қазақстан КСРО-ның қауіпсіз жерге көшірілген 1,5 млн. азаматына баспана болды

1941 жылдың 6 қыркүйегінен басталған күштеп көшіру кезінде небәрі 5 күннің ішінде Мәскеу қаласынан және Мәскеу облысынан 8617 неміс және Ростов облысынан 21400 неміс Қазақстанның Қарағанды (8000 адам), Қызылорда (8000 адам), Оңтүстік Қазақстан облыстарына (10017 адам) жер аударды. Жалпы, 1941-1945 жылдары КСРО-да 1,4 миллионға жуық неміс тұрса, соғыс басталғаннан кейін бұл этнос жан-жаққа күштеп таратылды және неміс автономиясы жойылды. 1941-1942 жылдары Қазақстанға немістердің 1 209 430 адамы қоныс аударылды.
1943 жылы 12 қазанда Қарашай автономиясы жойылды да, 14 қазанда КСРО ХК қарашайларды жер аудару жөнінде құпия қаулы қабылдады. Соның негізінде қарашайлардың 11711 отбасы (45529 адам) Қазақстанға көшірілді. Ал 1944 жылы 7 наурызда Шешен-Ингуш АКСР-ін жою туралы жарлық шығып, Қазақстанға 89901 отбасы (406375 адам) орналастырылды. Сол жылдың 5 наурызында балқарлардың тағдыры да осылай шешіліп, 4660 отбасы (21150 адам) елімізге әкелінді. Осындай қаулы, жарғылардың салдарынан 1944 жылы қалмақтар (2668 адам), түріктер (13260 адам), күрдтер (5530 адам) ата қоныстарынан аластатылды. Сол жылдары әсіресе ата-анасынан айырылып, жетім қалған балалар да Қазақстанға көптеп көшірілді.
Толықтай алғанда, Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанға КСРО-ның жау қолында қалған батыс аудандарынан 1,5 миллионға жуық адамы қоныс аударылды. Әрине, мұншама мол халық қоныс аударылғаннан кейін олардың алдына көптеген қиындықтардың шыққандығы сөзсіз. Оның бірі баспана жетіспеушілігі еді. Дегенмен бір үзім нанын бөліп беруге даяр қазақтың бауырмалдығының арқасында олар сол бір қиын заманда аман қалып, халқымыздың шапағатын молынан көрді. Айта кетерлігі, майданға жақын аймақтардан қоныс аударушылардың көпшілігі ауылдар мен селоларға орналастырылды. Сонымен бірге қалалардағы соғысқа дейінгі тұрғын үй проблемасы одан әрі шиеленісе түсті. Ел үшін ауыр болған осы жылдардың өзінде тұрғын үй құрылысы жалғастырыла берді. 1941-1945 жылдары жалпы көлемі 3 317 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға берілді.
Бірнеше ондаған жыл өткеннен кейін соғыс жылдарында көптеген ұлт өкілдерінің Қазақстанға қоныс аударылуының оң нәтижесі болғанын атап өткен орынды. Соғыс жылдарында тек Алматының өзінде 8 госпиталь, 15 жоғары оқу орны мен техникум, 20-ға жуық ғылыми-зерттеу институты, 20-дан астам мәдени ағарту мекемесі құрылды. Ғылыми мекемелер ұжымдарының ғылыми-педагоиклық әлеуетінің арқасында елімізде астрономиялық обсерватория, тіл, әдебиет және тарих, химия-металлургия, топырақтану және ботаника, сынды көптеген институттар ашылды. 1945 жылдың қазанында одақтық үкімет Қазақ Ғылым академиясын құру туралы шешім қабылдады. Ал оған дейін елімізде КСРО Ғылым академиясының филиалы ғана жұмыс істейтін. Соғыс жылдары Қазақстанның кинематография саласының да дамуына зор септігін тигізді. Сол жылдары Алматыда Бүкілодақтың мемлекеттік кинематография институты жұмыс істеп, онда қазақ кино өнерінің майталманына айналған Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Шәкен Айманов білім алды.
Соғыс жылдарында Қазақстанға көптеген кәсіпорындар көшіріліп, олар елімізде жаңа салалардың дамуына септігін тигізді. Жеңіл, тамақ өнеркәсіптері қарқынды дамыды.