Қазақстанның жеті боксшысы Әлем чемпионатының ширек финалына өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы күндері Германияның Гамбург қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем чемпионатында ел намысын қорғауға аттанған қазақстандық барлық боксшы алдын ала айқастарын аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан спортшылары байрақты бәсекеде барлық 10 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынауда. Боксшыларымыз алдын ала жекпе-жектерін 25 тамыз күні бастап, бүгін аяқтады. Нәтижесінде 7-еуі ширек финалға өтті, олар - Әбілхан Аманқұл (75 келіге дейін), Жомарт Ержан (49 келі), Қайрат Ералиев (56 келі), Василий Левит (91 келіге дейін), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келі), Ерік Әлжанов (81 келі).

¼ кездесулер 29 тамызға белгіленген. Онда Жомарт ресейлік Василий Егоровпен, Қайрат неміс Омар Эль-Хагпен, Әбілхан кубалық Арлен Лопеспен, Василий австралиялық Джейсон Уотелимен, Қамшыбек өзбек Баходир Джалоловпен, Ерік өзбек боксшысы Бектемір Меликузиевпен қолғап түйістіретін болады.

Үш спортшымыз - Азамат Исақұлов (52 келі), Әділет Құрметов (60 келі) пен Бекдәулет Ибрагимов  (64 келіге дейін) турнирдегі жарысын аяқтады.

25 тамызда басталған бокстан Әлем чемпионаты тоғыз күнге жалғасып, 2 қыркүйек күні мәреге жетеді.

Соңғы жаңалықтар
telegram