Қазақстанның жеткен жетістіктері Конституциямызбен тығыз байланысты - М.Нұртазин

Жиында «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Аида Маратова, экономика және ақпараттық технологиялар колледжінің әлеуметтік- гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы, магистр Данияр Жұрынов және облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Хамидолла Құсдәулетов Ата заңның артықшылықтары жөнінде баяндама жасады. ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі БҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Мирболат Нұртазин сөйлеп, Ата заң негізінде жасалған «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы жайлы әңгімеледі. «Қазақстанның жүзеге асырған экономикалық, әлеуметтік, саяси қайта құрулары мен қол жеткен жетістіктері түгелдей Конституциямызбен тығыз байланысты. Ата заң негізінде елімізде көптеген жаңа заңдар қабылданып, халық игілігіне қызмет етуде. Солардың бірі - 2000 жылдың 1 қаңтарынан бастап, күшіне енген «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы. Бұл заң бойынша ҚР азаматтары мемлекеттiк қызметке қол жеткiзуге және өз қабiлеттерi мен кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттiк қызмет бойынша жоғарылауға тең құқылы», - деді М.Нұртазин.