18:19, 25 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақстаның білім беру жүйесіне Дінмұхамед Қонаевтың қосқан үлесі ұланғайыр ? академик Көпжасар Нәрібаев
АЛМАТЫ. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанның білім беру жүйесіне Дінмұхамед Қонаевтың қосқан үлесі ұланғайыр. Бұл туралы ҚР ҰҒА академгі, экономика ғылымының докторы, Көпжасар Нәрібаев Алматыда өткен «Д.А.Қонаев – көрнекті мемлекет және саяси қайраткер» деп аталатын конференцияда атап айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Дінмұхамед Ахметұлы Министерлер Кеңесінің төрағасы қызметіне келген кезде Қазақстан Ғылым академиясының материалдық базасын нығайту туралы Орталық Комитетке мәселе қойып, оны шештірді. Сондай-ақ жаңадан оқу орындары мен ғылыми зертханалар ашты. Соның нәтижесінде Қазақ ғылым академиясы одақтас республикалардың ішінде Ресей мен Украинадан кейінгі 3-ші орынға көтерілді. Бұрын республикада Ағарту министрлігі ғана болатын. Жоғары білімнің мәнін, маңызын түсініп 1959 жылы Жоғары және арнаулы білім беру комитетін құрып, 1960 жылы оны министрлікке айналдырды», дейді академик Көпжасар Нәрібайұлы. Оның айтуынша, Д.Ахметұлы 1955 жылы Министрлер Кеңесінің басшысы болып тағайындалғанда, Қазақстандағы 26 жоғары оқу орнында білім алатын 70 мың студенттің 28 мыңы ғана қазақ ұлтының өкілі болатын. 1986 жылы республика басшылығындағы жоғары қызметтен кеткен кезде жоғары оқу орындарының саны 55-ке, студенттер саны 275 мыңға жетіп, оның 152 мыңын қазақ жастары құрады. Жоғары оқу орындарының оқытушылар саны да 9,5 мыңнан 22 мыңға өсті. Ал арнаулы оқу орындарынан техникумдар 110-нан 240-қа, кәсіптік-техникалық училищелер 180-нен 452-ге дейін ұлғайды. «Д. Ахметұлының әр облыста жеке педагогикалық институт болуы керек деген шешімі бойынша ашылған бұл институттардың көбі кейін университетке айналды. Сондай-ақ Алматыда Энергетика, Сәулет және құрылыс, Өнер институттарын, Рудныйда Соколов-Сарыбай комбинаты жанынан Индустриялық институт, Өскеменнен жол құрылысы институты құрылды. Өкінішке қарай, біз соңғы жылдары арнаулы оқу орындарының көбін жоғалтып алдық. Оларды енді ғана қайта жандандырып, маман құрылысшылар мен жұмысшылар керек екенін түсініп жатырмыз», дейді Көпжасар Нәрібаев.