Қазақстаның жалпы халықаралық резервтері жыл басынан бері 3,2 пайызға өсіп, 94,3 млрд. АҚШ долларын құрады - Д. Ақышев

«Алтын-валюта қоры бойынша, 2016 жылдың мамыр айының соңындағы жағдай бойынша ҚР Ұлттық Банкінің жалпы халықаралық резервтері - 28,8 млрд. АҚШ долларын құрады. Жыл басынан бергі өсім - 3,2 пайыз болды. Қазақстанның халықаралық резервтерінің құрамына Ұлттық Банктің резервтері мен Ұлттық Қордың активтері енетіндігі белгілі. Мамыр айының соңындағы жағдай бойынша, Ұлттық Қордың активтерінің көлемі - 65, 5 млрд. АҚШ долларын құрады. Осылайша, Қазақстанның жалпы резервтері - 94,3 млрд. АҚШ долларын құрады. Жыл басынан бергі өсім - 3,2 пайызды құрап отыр», - деді Д. Ақышев.
Сонымен қатар, ол Қазақстанның сыртқы қарызының көбейіп жатқандығы жайлы алып-қашпа әңгімелерге қатысты өз жауабын берді.
«Соңғы кездері жекелеген баспасөз беттерінде Қазақстанның сыртқы қарызы бойынша дұрыс салыстырылмаған жаңылыс деректер беріліп жатыр. Бұл жөнінде айтарым, 2015 жылдың соңындағы жағдай бойынша Қазақстанның сыртқы мемлекеттік және мемлекеттік тұрғыда кепілдік берілген қарызы - 12,8 млрд. АҚШ долларын құрады. Ал бұл, Қазақстанның Жалпы ішкі өнімінің 7 пайызын ғана құрайды. Ал қалған қарыздардың басым бөлігі Үкімет пен Ұлттық Банкке тиесілі», - деді Д. Ақышев.